Педофилдің құрбаны болған қазақ қызы жан сырын ақтарды

0

АСТАНА, 6 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 27 жастағы Йоханна Ақбергенова алғаш рет басынан өткен оқиға туралы осы жылдың жаз айында #НетПримирениюСнасильником науқаны аясында әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Аталған жазбаға көптеген лайк басылып, қоғамның қызу талқысына түсті. Бірі оның бұл әрекетін батылдыққа балап, жан сырын ақтарғанына алғыс айтса, енді бірі қатаң сынға алды. Тіпті, мұны ойдан шығарылған оқиға дегендер де болды. Ал Йоханнаның өзі мұндай жағдай кез келген арудың басында болуы мүмкін болғандықтан, осындай қадамға барғанын айтады.

«Көптеген адам зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік бұл жайында тиісті орындарға айтып, кінәліге жазасын тартқыза бермейді. Оның үстіне достары, туған-туыстары көмек қолын созудың орнына теріс айналып жатады. Осының салдарынан өзіне қол салатындар да бар. Ал менің оқиғам анаммен тығыз байланысты. 1991 жылы оны жездесінің інісі зиратқа апарып зорлағанда, ешкім қол ұшын созбаған. Керісінше «Ұят болады» деп жария етуге кедергі жасаған», — деді ол.

«Жігіттер Фрейд гипотезасымен бүркеніп жүр»

Ол өзінің зорлық салдарынан дүниеге келген бала екенін жастайынан білген. Мұны жақындары жасыруға тырыспаған-ды. Сондай-ақ, туыстары болған жағдайға анасын кінәлаған. Осы орайда, Йоханна барлығы адамның өз қалауымен жүзеге асатынын меңзеген Фрейд теориясын жоққа шығаратынын жеткізді. Керісінше мұны ер адамдар өздерінің әрекетін ақтап алу үшін пайдаланатынын айтады.

«Фрейд өзінің еңбектерінде әйелдердің эротикалық сипаттағы қиялдары туралы жазған. Біздің адамдар осы психоаналитиктің еңбектерін ғылымның жетістігі деп қателесіп жүр. Оның гипотезасының еш дәлелденбегеніне қарамастан, жігіт атаулысы оған сенуді жөн көреді. Меніңше, бұл адамдардың психикалық, психологиялық ауытқулары бар. Оларды психозға шалдықты деуге де болатын шығар. Себебі, есі дұрыс адам зорлық-зомбылыққа мұншалық бей-жай қарамайды», — деді бойжеткен.

Йоханна Ақбергенованың жеке архивінен

Йоханна Ақбергенова мен Дина Смаилова

«Жартылай комада жатып босанды»

Анасы өзін жартылай комада жатқан күйде босанған. Айналасындағы дәрігерлер мен медбикелер оған көмектесудің орнына боғауыз сөздермен балағаттаған. Босанғаннан кейін қызды биологиялық әкесінің атына жаздырады. Ал есімді биологиялық әкесімен етене жақын араласқан адам қойған. Мұны білгенде Йоханна есімінің өзі үшін триггерге айналғанын айтады.

Йоханна Қазақстанда медицина саласы мамандарының мәдениеті төмендігіне көңілі толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өзінің басынан өткен қиын күнді еске алып, мұндайдан ешбір қазақстандық нәзік жан өтпеуі тиіс екенін айтты.

«Әкем болмағанда айту жеңіл болар ма еді…»

«2005 жылы мен де зорлық-зомбылыққа ұшырадым. Бәлкім әкем емес, басқа адам болғанда бұл туралы айту жеңіл болар ма еді?! Бәрінен бұрын осы нәрсе жаныма батады. Осы оқиға болғаннан кейін мені жақындарым үнсіз қалуға шақырып келді. Расымен де, менің қорқынышты оқиғама бола көптеген бала әке махаббатынан айырылмауы керек деп ойлап келдім. Уақыт өте келе бұл ойымнан айныдым. Себебі, мұндай жағдай қазір көптеген отбасында болып жатқан болуы мүмкін. Яғни мен осы жағдайды жұртқа жария ету арқылы оларды өз құқықтарын қорғауға шақырғым келді», — деді Йоханна.

Ару осы оқиғадан кейін 5 психотерапевке барып емделеді. Ол инцестің психологиялық тұрғыдан өте ауыр болғанын айтады. Биологиялық әкесі сол күні мас болған екен. Мұнымен қатар, ол саналы түрде болашақта балалы болудан бас тартып, өзіне қажетті ота жасатқан. Десе де, қазақ қоғамында әйелдердің отбасын құрып, балалы болғандарын, ең бастысы, бақытқа бөлейтін ер азаматымен бірге тұруына тілекші. Өзі де осы орайда отбасын құруға талпынып көрген. Алайда бұл қадамы сәтсіз болып, ажырасып кеткен.

Йоханна Ақбергенованың жеке архивінен

Әр пакетте #НеМолчиKZ қорының атынан министрлер мен депутаттарға жіберген хаттар бар

Әрі қарай Йоханна адам баласының нағыз махаббат дәмін әбден толысып, кемелдене бастаған шақта сезінетінін айтады. Ал ері әйеліне қол көтерген жерде еш уақытта махаббат болмайды. Осы орайда, ол әйелдердің мазохист болуына әдеби кітаптардың да әсер еткеніне назар аударды. Сондай-ақ, өмірін өзгертуді есімін ауыстырудан бастағанын жеткізді.

«Қазақ қоғамы әрдайым қыздарды құрметтеген»

«Мені зорлаған адамның үстінде қызыл футболға болған. Бүгінде қызыл түсті киім киген ер адамнан қатты қорқамын. Яғни осы жерде қызыл футболка мен үшін триггер. Кейбіреуі өзін зорлаған адамды әтірі арқылы есінде сақтап қалады. Есімімді биологиялық әкеммен етене жақын адам қойғандықтан, ол да мен үшін триггер еді. 14 жасымда есімімді өзгертуге болатынын білдім. Бірақ, анам бізді асыраймын деп бірнеше жерде қатар жұмыс істегендіктен, есімімді өзгерту үшін жүгіруге уақыты болмады. 18 жасқа толған соң есімімді өзгерту үшін ХҚКО-ға өзім бардым. Бірақ олар бас тартты. Кейін сотқа жүгініп, ақыры сотта жеңіске жеттім», — дейді Йоханна.

Құжаттарынан әкесінің есімін алып тастаған ол өзінің есімін Иоганн Себастьян Бахтың құрметіне қойған. Себебі, оның композициялары жанына жайлылық сыйлайды. Сондай-ақ, Йоханна қазір көптеген салт-дәстүрдің өзгеріске ұшырағанын айтады. Осы орайда, 18-19-ғасырларда Ресей тыңшылары жазған «Қазақ кодексі» еңбегіне тоқталды.

«Аталған кітапта орыс саудагерлері қазақ қоғамында әйелді ерекше құрметтегені туралы жазған. Олар, тіпті, ел тағдыры үшін маңызды деген жиындарға қатысып, ерлерімен қатар отырып шешім қабылдаған. Қазақ көшпенді халық болғандықтан, оларда түрме деген түсінік қалыптаспаған. Десе де бұл қылмыскер жазасыз қалады деген сөз емес. Мысалы, әйелді зорлаған ер адам көп мал берген. Бұл айыппұлдың көптігі соншалық айыпты адам тақыр кедей болып қалатын болған», — деді Йоханна.

«Бұрын қыз зорлаған адамның түгін қалдырмайтын»

Осы орайда, Йоханна кей адамда өзінің елі алдында жауапкершілігі жоқ екеніне күйінді. Жәбірленуші тарапқа туыстары қолдау білдіруі үшін емес, керісінше ұрысу үшін барады. Мұнымен қатар, ол қазақ қоғамының ар-ұят деген қасиеттен ашаршылық жылдары айырылғанын айтады.

«Бұрынғы заманда қыз зорлаған адамның түгін қалдырмай жазалайтын болған. Ал қазір олар шартты жазамен құтылып кетіп жатыр. Тіпті, сотта татуласатындар жетерлік. Меніңше, әйел ешуақытта өзін зорлаған адаммен ерікті түрде татуласпайды. Қазір #НеМолчиKZ немересі зорланған әже Айжан Кәрменованың ісін жүргізіп отыр. Тергеу басталған кезде кінәлі азаматты куәгер ретінде тіркеген. Ал заң бойынша куәгер сот процесіне жақындамауға құқылы. Дұрысында ол күдікті ретінде тіркелуі тиіс еді. Осының салдарынан әлгі адамнан жауап ала алмай келеді. Істің жалғасып жатқанына төрт жыл болды», — дейді Йоханна.

Йоханна Ақбергенованың жеке архивінен

Йоханна Ақбергенова мен #НеМолчиKZ қорының қорғалушысы Елена Иванова

#НеМолчиKZ қозғалысының баспасөз хатшысы бүгінде осы зорлық-зомбылық салдарынан көптеген әйелдің бедеу болып қалғанын айтады. Сондай-ақ, зорлық-зомбылық көрген әйелдердің алдағы өмірінде төсек қатынасында қиналатынын жеткізді. Тіпті, сүйіктісімен жақындасқаннан кейін қансырап жататын әйелдер көп екен.

Әрі қарай Йоханна анасы екеуінің айырмашылығына тоқталды. Айтуынша, анасы дәстүрлі, ал өзі жан-жақты ортада тәрбиеленген. Сондай-ақ, орыс мектебінде білім алуы, тарихқа деген махаббаты өзіне көп септігін тигізген екен. Ежелгі адамдардың санасы қандай болады деген сауалға жауап іздеп, әр адамның күнә, ұят, жақсы-жаман деген ұғымдарды әртүрлі сипаттайтынын түсінген.

«Күш білімде»

«Бастапқыда бейсанамда зорлық-зомбылық жаман деген түсінік болғандықтан, осы жағдайға тап болғанымды ұқтым. Сондай-ақ, басымнан өткен жағдайға бола жұрттан еш ұялмауым керектігін, өзіме қолдау білдірмеген туыстарыммен араласпауға құқығым бар екенін түсіндім. Мен феминиспін. Меніңше, басты күш — білім. Әйелдеріміз білімді болса, олардың бәріне көзқарасы өзгеше болар еді деп ойлаймын», — дейді Йоханна.

Бойжеткен 7 жасар баланы 14 жастағы жасөспірімдер зорлайтын ауылдарда кітапханалардың халі нашар екенін айтады. Тіпті, кітап болды дегеннің өзінде мазмұны қанағаттанарлық емес. Ал кеңес заманында балаларға театрға баруға арналған абонемент, тегін үйірмелер болған. Осы орайда, ол ата-аналардың да тәрбиеге дұрыс көңіл бөлмейтініне тоқталды. Яғни көптеген ата-ана баласына қызды зорлау дұрыс еместігін айта бермейді. Керісінше алдына жылап келіп тұрған балаға «жылама» деп ұрысады.

Бүгінде интернеттегі роликтерден жануарларға зорлық-зомбылықты қыздар емес, жігіттердің көрсететінін байқауға болады.

Йоханна Ақбергенованың жеке архивінен

Йоханна Ақбергенова сұхбат беріп тұр

«Әкем мені өлтірмек болды»

«Сотта мен алғаш рет әкемнің маған үш рет шабуыл жасамақ болғанын айттым. Тіпті, анамнан оның мені бала күнімде өлтірмек болғанын естідім. Екеуімізді көлікпен қағып өтпек болған екен. Анам әрең қашып үлгеріп, мұның себебін сұрағанда биологиялық әкем «Менен қыз бала тууы мүмкін емес. Оның үстіне кемтар адам тууы мүмкін емес» деп ашуланған», — деді Йоханна.

Сондай-ақ, ол журналистердің баптарды дұрыс білмей, зорлық-зомбылыққа қатысты статистикалық мәліметтерді қате келтіретінін сынады. 2018 жылы 9 айда 1900 әйел мен бала зорланған.

Йоханна 2016 жылы Қазақстанда күйеуінің қолынан 500 әйелдің ажал құшқанын айтып күйінді. Елдегі жағдайды Израильмен салыстырды. Аталған аймақта 134 әйел күйеуінің қолынан қаза болғандықтан, нәзік жанды қауымы шеруге шыққан. Ал олардың халқының саны небәрі 8 миллион 900 мың адам. Бұдан өзге Йоханна #НеМолчиKZ қозғалысына көмек көрсетпек түгілі, оның жұмысына кедергі келтіруге тырысатындардың көптігін айтады. Мұны ол аталған қозғалыстың халықаралық көптеген грантты жеңіп алуға қауқары жететіндігімен байланыстырды.

«Әділдік қайда?!»

«Әйелдерді зорлық-зомбылықтың құрбаны болу арқылы ақша тауып жүр деп айыптап жатыр. Бірақ осы тұста статистикаға зер салыңызшы — ол қатал дүние. Мысалы, 2018 жылдың 9 айында соттар ақшалай шығын өтеу туралы үкім шығарды. Бұл 1 118 адамға 1 427 300 теңге деген сөз, бұған зорлықтан кейін тірі қалған балаларды қоспағанда. Яғни әр зорланған әйелге осы сомадан ақша бөліп беретін болсақ, әрқайсысына 1 276 теңгеден үлестіріледі. Ал басты МРТ-ге түсіру қанша тұрады? 1 276 теңге қорғаушыға, медициналық сараптамаға беруге және зорлықтан кейін денсаулықты қалыпқа келтіруге жетпейді. Адамның жыныстық еркіндігіне қарсы бағытталған қаншама істің жабылып қалғанына мән беріңіз. Сол кезде әйелдердің емес, тергеушілер мен өзге адамдардың пайда көретінін түсінесіз», — деді бойжеткен. 

Тағы оқыңыз:

Бүгінде дәл осылай өздеріне зорлық-зомбылық көрсетіп, соққыға жыққан тараптан Елизавета Шпак, Саина Раисова, Динара Чидеринова, Оксана Ермаханова, Нұргүл Құсұлбекова және тағы басқалар айыппұл ретінде төленуі тиіс ақшаны ала алмай жүр.

«Қазір Динара Чидеринова мүгедектік алу үшін құжат жасатып жатыр. Яғни ол келешекте мүгедек болғаны үшін ақшаны күйеуінен емес, біз төлеген салықтан алады. Сотта күйеуінен таяқ жеген әйелге тегін қорғаушы бермесе де, оның көмегін мемлекет тарапынан айыптыларға ұсынады. Сонда әділдік қайда?!» — деп ашынды Йоханна.

Йоханна Ақбергенованың жеке архивінен

Йоханна Ақбергенова мен Дина Смаилова сұхбат беріп тұр

Йоханна өлім жазасына неге қарсы?

#НеМолчиKZ қозғалысының өкілі қылмыскерлердің әділ жазалануын қаласа да, олардың өлім жазасына кесілуіне немесе химиялық жолмен піштірілуіне қарсы. Бірінші жағдайда өлім жазасы саяси қадамға айналып кетуі мүмкін. Яғни белгілі бір адамға жала жабылып, оның көзін құртып жіберуге болады. Мұнымен қатар, өзінің өлім жазасына кесілетінін білетін қылмыскер міндетті түрде жәбірленушіні өлтіріп кетуге тырысады. Ал химиялық жолмен піштіру үлкен қаржыны талап етеді. Сондай-ақ, оның күшін жойып жіберуге болатын препараттар да жетерлік, Мысалы, оны ішімдікпен араластыратын болса, қылмыскердің керісінше төсек қатынасына құштарлығы артып кетуі мүмкін.

«Көп адам химиялық жолмен піштірудің Америка секілді дамыған мемлекеттерде бар екенін тілге тиек еткенді жақсы көреді. Бірақ, ол елдерде піштіріп қана қоймай, қосымша шаралар жүргізілетінін ескермейді. Мысалы, дамыған елдерде педофилдердің қолына білезік тағып қояды. Яғни ол балалар көп жүретін аймаққа жақындағанда дабыл қосылады. Мұнымен қатар, әйел зорлағандар немесе педофилдер түрмеден шыққан кезде олар тұрып жатқан жердегі адамдардың бәріне хабар тарады. Тіпті, көше-көшеге суреттерін іліп қояды», — деді ол.

«Қазақ әйелдері өздерін сыйлағанын қалаймын»

Сондай-ақ, Йоханна көп жағдайда зорлық-зомбылыққа қатысты істерде жемқорлық болатынын айтады. Тергеу барысында жәбірленушіге психологиялық қысым жасалып, ол ақырында ұсынысқа көнуге мәжбүр болады. Мұнымен қатар, бойжеткен әйелді ұру ауыр қылмыс түріне жатпайтынына қынжылды. Себебі, отағасы айыппұл төлеуге міндеттелсе, ол ақша ортақ бюджеттен алынуы мүмкін. Ал отбасында әйел ғана табыс табатын болса, сонда жәбірленуші мемлекетке айыппұл төлеп, өзі керісінше шығынға батады. Сөз соңында Йоханна өз оқиғасын жұртқа жария етудегі түпкі мақсатын түсіндіріп, қазақстандық әйелдерді өзін сүюге шақырды.

«Отбасында әйелдер қорғалмаған. Осы нәрсе менің ашуыма тиеді. Біздің қыздар махаббатпен, үлкен жауапкершілікпен тұрмысқа шығады. Оларды күйеулері ұрады және ешкім де бұған қарсы келмейді. Бұл өте жаман нәрсе. Әйелдерге қатты жаным ашиды. Басымнан өткен оқиға туралы айту маған оңай емес. Десе де күш-жігерімнің арқасында осы қадамға барғаныма қуаныштымын. Бар болғаны мұның барлығы өзгелерге сабақ болса екен деймін. Қазақстандық қыз-келіншектердің өздерін сыйлап, жақсы көргендерін қалаймын. Өздерінің тілектері мен мақсаттарын бірінші орынға қойса екен. Меніңше, көп әйелде өзіне берер бағасы төмен. Ер адамдар да әйеліне білім алып, еңбектенуге рұқсат берсе, нұр үстіне нұр болатын еді. Күйеуің табатын 100 мыңға қарағанда, екеуі қосылып табатын 200 мың теңгеге өмір сүрген артық сияқты. Бізге бәрібір де аздаған феминизм жетіспейді. Алдағы уақытта әйел қауымы өз құқықтарын қорғап үйренеді деген үміттемін», — деп қорытты Йоханна Ақбергенова.