Педофильден соң. ҚазҰУ тізіміне алынған қыздың анасы шағымданды

0

ҚазҰУ-дан шыққан тізімнен кейін халық арасында дүрбелең басталған. Студент қыздардың анасы заңгерге шағымданып, мұңын шаққан, деп хабарлайды «Kznews.kz» тілшісі Massaget.kz-ке сілтеп.

«Human Rights Lawyers» басшысы, заңгер Ләззат Рақышеваның айтуынша «пәк қыздар» тізімінен кейін оқырмандары түрлі хат жолдаған.

«Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірі студент қыздардың пәктігі тексерген тізім әлеуметтік желіге жарияланып, ел ішінде ду-ду әңгіме. Елдікі өсек, талқылау, ал біреулер үшін тыныш өмірдің астаң-кестеңі шығып жатыр», — деп жзады заңгер.

Рақышеваға студент қыздардың бірінің анасы хабарласып, мұңын айтқан.  Әйелдің айтуынша қызы 5 жасында 25 жастағы педофил көршіден қорлық көрген. Кейіннен кішкентай қызды зорлаған азамат 9 жылға ғана сотталған. Алайда темір тордың артында тек 7 жыл ғана отырып, тағы адам өлтіріп сотталыпты.

Сұмдықты ұмытуы үшін анасы қызын маманға да апарып, туған ауылынан көшіп басқа қалаға қоныс аударған көрінеді. Дәл сол оқиғадан бері 15 жыл өтіп, қызының аты ҚазҰУ тізімінде жарияланыпты.

Ашынған ана Үкіметтегілердің зорланғандарды қорғамайтынын айтып, наразылық білдірді

«Біздің елде кімге сенім бар осы? Не орган, не оқу орны қорғай алмайды. Кімге сеніп, кімге арқа сүйеуіміз керек? Нағыз тексергіш болса, неге педофилдердің санын реттеп, солар туралы ақпаратты неге жарияламайды? Қаншама адамның өмірін қор қылады ғой кешегі жағдай. Үкімет зорланғандарға не қолдау, не қорғауға жоқ, тым болмаса жарты әлемге жар салмаса болмай ма?» — деп жазған өзін зорланған қыздың анасы.

Заңгер Ләззат Рақышева да:

«Расымен, біреудің жеке дерегін желіге жариялап, елге тарату — үлкен қылмыс. Конституцияда еліміздің басты байлығы адам және құқықтары деп нақты көрсетілген. Осы басты байлықты аяққа таптап, елдің өміріне қатысты құнды мәліметті қатын өсек ретінде таратқандар қатаң жазаға тартылсын. Талап етеміз!», — деп жазды.