Педагог проблемасы көтерілді | «Айқын» газеті
Мәжілістің жалпы отырысында «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Ж.Нұрманбетова Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, білім беру саласында шешілуі созбалаңға салынып кеткен мәселелерге тоқталды.
«Бұл мәселені таяуда әлеуметтік желілерде жарияланған хатында өскемендік мұғалім Оксана Александрова көтерді. Онда бүкіл кәсіби педагогтар қауымы үшін өзекті және «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу кезінде
ескерілуге тиісті мәселелер көрініс тапқан», – деген депутат мұғалімнің сол хатынан үлкен үзінді келтірді.
Біріншіден, О.Александрованың мәліметінше, дәптерлерді тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін ұстаздарға берілетін үстемеақы мөлшері мұғалімдердің интеллектуалдық және уақыттық шығындарына мүлдем сәйкес келмейді. Мәселен, сыныпқа жетекшілік үшін қосылатын ақы айына небары
4 000 теңгені құрайды. Ал міндет ауқымы зор. Оған күнделіктерді тексеру, әртүрлі іс-шаралар өткізу, сынып сағаттарын, сондай-ақ музейге, театрға саяхаттарды ұйымдастыру, ата-аналар жиналысын дайындау, ата-аналармен және балалармен жеке әңгіме жүргізу, сенбіліктерге қатысу және басқа да шаралар кіреді.
Күніне 50 дәптерді, оқушылардың формативтік жұмыстарын, карталарды, суммативтік жұмыстарын тексеру небәрі 3 500 теңгеге бағаланады.
Айта кету керек, ұстаздардың мектептердегі еңбегіне лайықты ақы төлеу мәселесі 2017 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында талқыланды және үстемеақы төлеу жүйесін қайта қарау туралы ұсынымдар берілді.
Бұл ретте мұғалімдердің педагогтік жүктеме аясындағы жұмысының мардымсыз бөлігіне ғана ақы төленеді. Ал сыныптан тыс жұмыстары мүлдем қаржыландырылмайды. Оның үстіне, каникулдағы демалысы сан алуан іс-шараларға, кеңестерге, есептерге шығындалады.
Екіншіден, электронды есептілік сыртында қағаз түріндегі есептерді әзірлеуге де мұғалімдердің көп уақыты жұмсалады. Олар сондай-ақ жоғары тұрған органдар үшін мәліметтер жинаумен айналысады. Ұстаздар міндетті құжаттарға жатпайтын сантүрлі кестелік материалдарды толтыруға мәжбүр.
Үшіншіден, мектептердегі жария емес рейтингтер мұғалімнің уақытын алып қана қоймай, сонымен бірге, шынайы көрсеткіштердің бұрмалануына септеседі. Әрбір тоқсан сайын оқу ісінің меңгерушісі мен мектеп директоры білім бөлімдеріне оқушылардың оқу үлгерімі туралы есептер тапсырып отырады. Педагогтар мұндай рейтингтердің қаншалықты орындылығы туралы әділ сұрақ қояды.
Төртіншіден, рейтинг қуалап, сондай-ақ аттестаттаудан өту үшін тиісті портфолио қалыптастыру мақсатында мектептер әкімшілері ұстаздарды әртүрлі ұйымдар ұйымдастыратын сансыз көп ақылы байқауларға қатысуға мәжбүрлейді.
«Мен бұл хатта шынымды айттым. Оның астына педагогтардың көбі қол қояды деп ойлаймын. Мен бұған сенімдімін», – дейді өскемендік мұғалім. Сондықтан депутаттық сауалда Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан мұғалімдерді мазалайтын барлық мәселелерді «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасында ескеру сұралады. Өйткені Елбасы педагог кәсібін беделді және қоғамда құрметті мамандыққа айналдыру міндетін қойды.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын