Педагог мәртебесін анықтаудың маңызы
Ұстаздың орны төр ме, босаға ма?
Дәл осы сұраққа қатысты міндет пен парызға толы пәрмен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында да айтылды. Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс…» деген болатын өткен жылдың соңына таман жариялаған бағдарламалық құжатта. Қазір Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы жауапты мекемелер мен қоғам белсенділері, салалық кәсіподақ ұйымдары бірлесіп «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын дайындап жатыр. Жақын күндері бұл заң жобасы көпшілік талқылауына ұсынылмақшы. Демек, ұрпағының келешегіне бейжай қарамайтын ата-ана, жалпы қоғам тәрбие мен білім беруге жауапты педагогтің мәртебесін анықтайтын құнды құжаттың оңтайлы қабылдануына бір кісідей жұмылып, қатысуы керек.
Осы жерде заңды күші бар арнаулы құжат қабылдаудың қажеттілігін туындатып отырған факторларға тоқталуымыз керек. Рас, қазір мектеп мұғалімінің имиджіне қатысты сөз қозғалғанда оларды жергілікті атқарушы биліктің «қолбала» қызметшісі бейнесінде көретініміз бар. Бұл ұғымның қаншалықты шындық екенін анықтау бітпес дауға ұласып, әрі ол ұзақ мерзімге созылатыны тағы анық. Бірақ дәл осы жұрттың түсінігінің өзі педагогтардың құқықтық мәртебесін анықтауға негіз болады. Бұл – бір. Екіншіден, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс…» деген сөзіне қайта оралайық. Біз алдыңғы сөйлемде айтқан «мұғалімдерді жергілікті атқарушы биліктің «қолбала» қызметші бейнесінде көретініміз бар…» деуіміздің дәлелі осында жатыр.
Демек, жаңа заң қабылданғаннан кейін, мәртебесі айқындалған мұғалімнің фунционалдық міндеттен басқа жұмыстарға себепсіз жегілмеуі өздігінен шешімін табатын болады. Сол сияқты, қоғамдағы басқа да мамандық иелеріндей педагог еңбегінің лайықты бағалануы, мұғалімдердің зейнет жасының реттелуі сынды күн тәртібіндегі мәселелер жауабын табуы тиіс.
Білім беру қауіпті жұмыс па?
Мұғалімнің жеке бас қауіпсіздігінің қорғалуына қатысты мәселені бөлек талқылау керек. Өйткені дәл қазір оқушыға білім беруші тұлғаның қызметін қауіпті мамандықтар қатарына қосуға негіз болатын оқиғалар жиілеп кетті. Оның бір-екі мысалына төменде арнайы тоқталатын боламыз. Бірақ бұл пікірімізбен келіспейтін тараптың сөзіне алдымен құлақ асуымыз керек сияқты.
– Бұл мәселеге құқық қорғау саласының қызметкері ғана емес, ата-ана ретінде де көзқарасым айқын. Мұғалім – білім үйретуші болғанда, мектеп – тәрбие алаңы. Яғни, мектептегі қызметті адамның өміріне, жұмысына қауіп төндіретін жағдайға жатқызуға болмайды. Мүмкін, бұзақылық, тәртіпсіздік орын алатын болар, бірақ кез келген жағдайды құқық бұзушылықтың шегіне жеткені деп қарастыруға асықпайық. Өйткені мектеп – білім беретін орта. Ол ортадан қылмыстың ізін іздеудің өзі күнә. Жалпы, мұғалімнің беделі мен мектептің мәртебесі туралы бәріміз ойлануымыз керек. Егер балаларымыздың саналы білім алып қана қоймай, қауіпсіз ортада өсуіне ата-ана, қарапайым адам ретінде атсалыспасақ, бұл міндетті полиция жалғыз атқара алмайды. Бұл жерде әдеп пен құрмет бірінші орынға шығуы керек. Мектепті тікенек сыммен қоршасақ немесе полиция күзеті болатын болса, оны мектеп деп айта аламыз ба? Саналы тұрғыдан алғанда, мұғалім гуманитарлық мамандық өкілі ретінде қоғамдық құрметтің жоғары деңгейінде тұруы тиіс. Ал оның денсаулығына, өміріне қандай да бір қауіп-қатер төнсе, ұстаз да басқа қоғам мүшесі сияқты заң талаптарына сай арыздана алады. Жалпы, біз мұғалім мәртебесін қауіпсіздік тұрғысынан емес, еңбек мәртебесі жағынан анықтауымыз керек, – дейді Алматы облыстық ішкі істер департаментінің ресми өкілі, полиция майоры Көбейхан Нұрахмет.
Қоғамда ұстаздың құқықтық мәртебесінің анықталуына қатысты мәселенің өткір тұрғанын ескеруіміз керек. Бұл, әсіресе, мұғалімнің мектептегі қызметі барысында себепсіз соққыға жығылуы, түрлі әділетсіздікке тап болуы сияқты жағдайлардан қорғауға негіз болады. Мысалға, бір жыл бұрынғы ұстаздың ата-ана тарапынан жәбір көруіне қатысты оқиғаны алайық. Былтыр Алматы облысының Іле ауданы, Боралдай кентінде орналасқан Кенен Әзірбаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әдіскер ұстаз, биология пәнінің мұғалімі Гүлзира Байділдаева ата-ана тарапынан жәбірленіп, ауыр дене жарақатын алған болатын. Жылға жуық уақыт өтсе де қылмыстық іс әлі күнге дейін созылып, Іле аудандық сотында қаралып жатыр.
Педагогты полиция қорғамай ма?
Жақында бізге хабарласқан жәбірленушінің қорғаушысы Маржан Аспандиярова тергеу ісінің 11 айға созылғанына қарамастан, сот осы қылмыстық іске соңғы нүкте қоюға асықпай отырғанын айтты. Қорғаушы осы мерзім ішінде айыпталушы жақтың сот отырысына себепсіз келмей қалу фактісі болғанын және тергеу барысына көңілі толмайтынын да жеткізді.
Жалпы, бұл іс Алматы облысының Іле аудандық сотына келіп түскенге дейін аудандық ішкі істер бөлімінде 11 ай бойы тергелген екен. Жәбірленушінің адвокаты тергеуші істі себепсіз созып, оқиғаның бейнетаспаға жазылған сәтін есепке алмауға тырысқанын және куәгерлердің түсініктемесіне немқұрайлы қарағандығын айтады. Тек облыс прокурорына бірнеше рет шағымданғаннан кейін ғана тергеу аяқталыпты. Ал өткен жылдың 20 желтоқсанына тағайындалған алдын ала сот тыңдауына айыпталушы тарап келмей қойған. Істі қарау кейінге шегерілген. Қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған ата-ана бұдан кейін өткен 2 сот отырысына да қатыспаған көрінеді. Соның салдарынан сот қайта-қайта кейінге жылжып келеді екен. Біз жәбірленген ұстаз ісіне мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып отырған прокурордан тергеу мен сот барысындағы заңдылықтың сақталуы жайында сұраған едік.
– Азаматша Гүлзира Байділдаеваның талабы бойынша қылмыстық істі қарау бірнеше рет кейінге қалдырылғаны рас. Бұл жерде айып тағылып отырған тараптың денсаулығына байланысты анықтамасы болғандықтан іс шегерілді. Қазір сот жәбірленуші тарап пен куәгерлерден жауап алуды бастады. Іс азаматша Митрошенко Надежда Павловнаға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 1-тармағымен «қасақана дене жарақатын салу» бойынша қаралып жатыр, – деді Іле аудандық прокуратурасының аға прокуроры Мұхтар Мыңжасар.
Негізі, Гүлзира Байділдаеваның талап арызы негізінде қозғалған қылмыстық іс – еліміздің сот және білім саласы тарихында ата-ана тарапынан жәбір көрген мұғалімнің сотқа жүгінуі бойынша алғашқы іс. Жәбірленуші ұстаз істің тезірек аяқталып, әділет салтанат құратынына сенімді.
– Ауыр соққыдан кейін ұзақ емделдім. Денсаулығыма келген нұқсан әлі оңалмады. «Құлақтың есту жүйесінде соққыдан кейін болған кемістіктің емі жоқ» деді дәрігер. Әрі осы оқиғадан кейін жұмыс ауыстыруыма тура келді. Және 1 жыл бойына оқушының ата-анасы тарапынан татуласу, кешірім сұрау ниеті болған жоқ. Керісінше, сот отырысынан кейін дөрекі сөйлеп, доқ көрсетіп кетті, – дейді ұстаз.
Бұл мысал да Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы жауапты мекемелер мен қоғам белсенділері, салалық кәсіподақ ұйымдары бірлесіп талқылауға ұсынатын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының маңыздылығын арттыра түседі.
Жаңа заманның тәлімгері. Ол кім?
Әрине мұғалімнің қоғам, адамзат алдындағы мәртебесі педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруы мен маман ретіндегі инновациялық жаңашылдығына байланысты екені даусыз. Мемлекет бұл тұрғыдан ұстаздардың білімін жетілдіруге жол ашып, жағдай жасап отыр. Оның бір дерегін қазір білім саласында белсенді жүргізіліп жатқан жаңартылған оқу мазмұны бойынша қайта даярлау ісінен алайық. Мәселен, осы бағдарлама бойынша Алматы облысында 2017-2018 оқу жылы барысында 27 279 педагог, оның ішінде 646 мектеп директоры кәсіби біліктілігін арттырыпты.
– Бүгінде мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында педагогтар үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізу жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта ағымдағы жылы мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Облыста оқу жылының соңында жаңа қағидаларға сәйкес 3013 педагог ұлттық біліктілік тестілеуден өтті. Аттестаттаудың екінші кезеңінде педагогтардың портфолиосы сарапталып, жаңа форматта аттестаттауға қатысты. Ал жаңа оқу жылында, яғни 1 қыркүйектен бастап жаңа жүйе бойынша біліктілік санатын алған педагогтарға жалақы мөлшерінің 30-50 пайызынан бастап үстемеақы төленеді. Бұл аймақтағы мұғалім мәртебесін айқындаудың бір көрінісі ғана, – дейді облыстық білім департаментінің басшысы Дәурен Жүнісов.
Ұстаз этикасы ұғымы ескірді ме?
Айтпақшы, біз ата-ана тарапынан жапа шеккен мұғалімнің құқығы туралы сөз қозғап отырып, ұстаз тарапынан да заң бұзушылықтың жиі болатынын жасырмауымыз керек. Мысалға, күні кеше Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Жаркент көпсалалы колледжінде заң бұзушылық орын алып, осы оқу орнының денешынықтыру пәні мұғалімі студентті соққыға жықты. 10 қаңтарда болған оқиға лезде әшкере болып, ұрып-соғудың бейнебаяны әлеуметтік желі арқылы жұртқа тарап кетті. Қоғамдық дүмпу туғызған бейнежазбадан соң Жаркентке облыстық білім департаментінің басшысы бастаған комиссия барып, іс барысын зерттеді. Қазір студентке қол жұмсаған мұғалім жұмыстан шеттетілген. Ал колледж директоры өз еркімен жұмыстан кетті. Педагогқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерiн орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы, мектеп қабырғасында балаға қол көтеру фактісі облыста бұған дейін де тіркелген болатын. 2 жыл бұрын Іле ауданының Байсерке ауылындағы мектептің мұғалімі төменгі сыныптың оқушысын ұрғаны анықталып, ұстаз жұмыстан қуылған еді.
Болған жайларды сараптай келе, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына талқылау барысында бүгінгі мұғалім этикасының ескіргені жайлы да мәселе көтерудің уақыты келгендігін айтпақпыз…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/