Павлодарлық жас әншілер Испаниядан жүлделі оралды

0

Театр-студияның жас әртістері «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша қазақ, ағылшын, испан және француз тілдерінде ән шырқаған.

Облыстық оқушылар сарайының «Арман шоу» үлгілі театр-студиясы Испанияның Ллорет-де-Мар қаласында өткен «Costa Brava» Халықаралық фестиваль-конкурсына қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталмыш фестивальді Льорет-де-Мар қаласының әкімшілігінің қолдауымен «FIESTALONIA» испан компаниясы ұйымдастырған. Конкурсқа Испания, Италия, Ұлыбритания, Франция, Канада, Ресей, Грузия және Қазақстаннан әртістер қатысты.

Театр-студияның жас әртістері «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша қазақ, ағылшын, испан және француз тілдерінде ән шырқады. Шетелдік сахнада алғаш рет өнер көрсетіп, Лара Фабианның «Je Suis Malade» әнің шырқаған Надира Бимаганова бірінші жүлделі орынға ие болды.

Екінші орынды Әсел Оразалина мен Айсұлу Сардарова жеңіп алды. Айсұлу француз әншісі Индиланың «Derniere Danse» атты әнін, Әсел Тина Тернердің «Simply the Best» әнін орындады. Үшінші орынға «Santa Lucia» әнімен Томирис Ғалым және «Шырқа, домбыра» әнімен Аружан Жанайдар қол жеткізді.

«Арман шоудың» тағы бір әншілері Аружан Имангазина, Айсұлтан Амангелді, Алдияр Батырбаев, Амир Жакаев конкурстың дипломанттары атанды.

«Costa Brava» конкурсының ұйымдастырушылары жас әншілердің кәсіби дайындықтары үшін ұжым жетекшілері Алмагүл Бекболатова, Айгерім Бекболатова және Тамерлан Аскаусовқа алғыс хат табыс етті.

— Біздің оқушылар бұл саяхаттан ұмытылмастай әсер алды, — дейді Айгерім Бекболатова. — Балаларға еуропалық қонақжайлық өте ұнады. Олар испан халқының ұлттық мәдениетімен танысты. Біздің жас әншілердің тек қана вокалдық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ұлттық киімдерінің бай нақыштарына жоғары баға берілді. Конкурс жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/