павлодарлық қанішердің өлер алдындағы ашық әңгімесі

0

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Жас жігіт небары 26 жаста болды. Өмірінің жартысын түрмеде өткізсе де, қылмыс жасауды тоқтатпады. Ал екі адамды өлтіргеннен кейін өлім жазасына кесілді. Ол ақыры өлетінін түсініп, тағы екі адамды қалай өлтіргенін өз еркімен айтып берді. Ондай шешімге не үшін келгенін журналистерге берген сұхбатында түсіндірген. Sputnik Қазақстан назарларыңызға қандықол қылмыскердің ашық әңгімесін ұсынады.

Екі адамның өмірі түк те емес…

Қылмыс материалдарына сәйкес, 1995 жылы 21 ақпан күні Семен Бочаренко (қылмыскердің аты-жөні өзгертілді – Sputnik) Екібастұз қаласында К. және О. деген таныстарымен бірге арақ ішкен. Сосын үшеуі И. деген жігіттің үйіне барып, түнгі отырысты жалғастырған. Сол жерде жанжал шығып, арты төбелеске ұласады.

«Бочаренко танысы екеуі өздерімен бірге келген О. деген жолдасын қасақана өлтіру мақсатында пышақтап, 27 рет жарақат салған. Жәбірленуші қатты қиналады, көп ұзамай тіл тартпай кеткен. Осы кезде үйдің иесі – И. деген азамат оларға ұрысып, адам өлтіргені үшін наразылығын айта бастайды. Екеуі көп ойланған жоқ. Қылмысты жасыру үшін үйдің иесін де пышақтап кетті. Оған 22 рет пышақ сұққан», — делінген қылмыстық іс материалдарында.

Бончаренко жолдасы екеуі қылмыстың ізін жасырамыз деп үйді өрттеп жібереді. Бірақ көп ұзамай, қолға түсті. К. деген танысы түрме камерасында өз-өзіне қол салды. Ал Семен Бочаренко өлім жазасына күтіп жүргенде бұған дейін тағы екі қылмыс жасағанын өз еркімен айтып берген.

Алғашқы қылмыс бойынша адамның жатқан жерін Бончаренконың өзі көрсетті. Ал екіншісі ұзақ уақыт ашылмай жүрген. Осылайша, қосымша қылмыстардың ашылуына байланысты оның өлім жазасы кейінге шегеріліп, тергеу шаралары басталған болатын. Алайда қандықол қылмыскердің өзі алдындағы екі қылмысты өлім жазасын шегеру үшін емес, құдайдың алдында таза болу үшін мойындағанын айтты.

«Іштей қатты қиналдым, құдаймен сөйлесуге тырыстым»

«Мен алдындағы екі қылмысты өлім жазасын шегеру үшін мойындаған жоқпын. Құдайға деген сенім итермеледі. Тәубеге келіп, өкініштің ащы дәмін сезсем ғана оған жақындай аламын деген шешімге келдім. Шынымды айтайын, оңай болған жоқ. Адам өкінген кезде ғана кінәсін мойындайды ғой. Мен іштей қатты қиналдым, жаным тыным таппады. Әлі есімде, мені Ақмоланың түрмесіне апарғанда ол жерде өлім жазасын кесілген 30-ға жуық адам болды. Барлығы құдайға бет бұрып, кешірім сұрап жүрді. Мен өзім өлімге дайын едім. Бірақ жанымды ауыр бір жүк басып тұрды, ішім алай-дүлей болды. Содан тергеушілерді шақырып, тағы екі қылмыс жасағанымды айттым. Қазір кәдімгідей жеңілдеп қалдым», — деп бастады Бочаренко өз әңгімесін.

Тағы оқыңыз: Бизнесменнің бүкіл отбасын қырып салған: Алматыдағы адам шошырлық қылмыстың мән-жайы

Оның айтуынша, алғашқы қылмысын Павлодарда жүргенде жасаған. Сейітқазин (аты-жөні өзгертілді – Sputnik) деген құрдасы одан жарты жылға үлкен болған. Өзі ірі денелі, бойы ұзын. Бокспен айналысып жүреді. Өзімен қатарлас жігіттерді де ұрып-соғып, ақша бопсалайды. Бір күні Бочаренконы соққыға жығып, арақ алып келуін талап еткен. Семен бармай қояды. Боксшы досы оны көгала қойдай етіп сабап тастайды.

«1994 жылы тамыз айында біз бірнеше баламен бірігіп, оны өлтіруге шешім қабылдадық. Сейітқазин оларды да ренжітіп жүрген. Сөйтіп, мен бірінші болып, оны балтамен басынан ұрдым. Артынан тағы бір жігіт кеуде тұсына пышақ сұққылай бастады. Үшіншісі ұсақ калибрлі тапаншамен екі рет атты. Сейтқазин бастан алған жарақатынан қайтыс болды. Бұған дейін ішімде бір ашу-кек болған. Оны өлтіргеннен кейін сейіле ме деп ойлағанмын. Олай болған жоқ. Ашуым одан да күшейе түсті», — деді Бочаренко.

Жыл соңында Бончаренко тағы бір адамды өлтірді. Бірақ оның ешқандай кінәсі болмады…

Жазықсыз таксистің өлімі

1994 жылы 30 желтоқсанда түнгі сағат 24:00-де Павлодар қаласында 1939 жылы туған ер адамның мәйіті ВАЗ-2106 көлігінен табылды. Тура екі сағат бұрын Бочаренко кәмелеттік жасқа толмаған бір баламен осы көлікті тоқтатып, «Кооператор» дүкеніне дейін апарып тастауды сұраған. Бірақ Кутузов көшесімен бір үйдің жанында тоқтатып, көлік жүргізушісін қылқындырып өлтірген.

«Көліктің артында отырған Бочаренко бұғалықты таксистің мойнына тастап, қатты тарта бастаған. Ал А. деген кәмелеттік жасқа толмаған бала оның қолын ұстап отырады. Жүргізушіні буындырып тастағаннан кейін екеуі көлікке мініп, іздерін жасырған. Бірақ Қатаев көшесінде сазға кіріп, шыға алмай қалады. Сөйтіп, автокөлікті тастап қашқан», — делінген тергеу материалдарында.

Тағы оқыңыз: Күйеуін өлтіріп, анасының қабіріне көмген: елордалық әйелдің жантүршігерлік қылмысы

Біз одан «Жазықсыз таксисті неге өлтірдің? «, — деп сұрадық. Бочаренко одан басқа біреулердің әрекеті үшін өшін алған екен.

«Мен одан өшімді алдым. Бірнеше күн бұрын түнделетіп, үйге бара жатқанмын. Сәл ішіп алдым. Қолымдағы сөмкеде бір шампан мен арақ болған. Содан таксиді тоқтатып, баратын жерімді айттым. Салонда екі жігіт болды. Екеуі де мас, мен ақысына шампан беремін дегенде арақты да беруді талап етті. Мен қарсылық көрсеттім. Бірден мойныма бау тастап, қылқындыра бастады. Екіншісі аяғымнан ұстап отырды. Есімнен танып бара жатқанда бауды ұстап отырған жігіттің саусағын қайырып, сындырып тастадым, екіншісін бір тептім де, қаша жөнелдім. Көлікте бас киімім және бір етігім қалып қойды. Сол күйінде қаштым. Көлік жүргізуші пышағын алып, артымнан жүгірді. Абырой болғанда, жолда бір металл құбырының сынығы жатыр екен. Соны алдым да, қарсы ұмтылдым. Екеуі көлікке мінді де, қашып кетті. Сол кезде мен өшімді алу үшін таксистің біреуін өлтіремін деген шешімге келдім…

Сөйтіп, 16 жастағы Сашка деген танысыма таксисті өлтіруді ұсындым. Бас кезінде ол зәресі ұшып, тартыншақтай бастады. Бірақ көлікті өзің аласың дегеннен кейін бірден келісті.

– Сонда бұл қылмыстың қисыны неде? Бұл адам саған шабуыл жасаған жоқ қой. Неге ол өзі сияқты таксистерді танымаса да, солардың әрекеті үшін жауап беруі керек?

– Қоғам бір ғой, ал адамдар бір-біріне туыс сияқты…

– Сенің ойыңша, бір адамның теріс әрекеті үшін бүкіл қоғамды жойып тастауға бола ма?

– Ол кезде мен барлық адамға ашуланып жүрдім. Айтсам, сенбейтін шығарсыз. Мен адамдардан бұрын жануарларға құрметпен қараймын. Мысалы, осы жердегі иттің ұлығанын тыңдап көріңізші. Оны естісем, жан-жүрегім ауырады. Мен иттің ұлыған дауысын жақсы түсінемін. Ол жануар өмір бақи байлауда болатынын біледі. Жасыл желекпен жүгіріп, шөпке аунап-қунап жүре алмайды. Ол үшін орындалмас арман. Оның тағдыры бір – шынжырда отыру. Басқа жол жоқ…

– Адам баласына деген сонша ашу-ыза қайдан шығып отыр? Балалық шағыңда көп қиындық көрген шығарсың?

– Білмеймін, қылмысқа деген бейімім қанға сіңген шығар. Бірақ отбасымызда сотталғандар жоқ. Әкем – жаяу әскердің капитаны, анам да әскери қызметте болған. Майорға дейін өсті. Екеуі де нағыз коммунист. Мен болсам, мүлдем басқа адамнан туған сияқтымын. 14 жасымда алғаш рет дүкен тонап, 3,5 жылға сотталдым. Екінші қылмысым үшін 8 жылға қамап тастады. Мен ұрлыққа бейім болдым. Біреуі артымнан түрткілеп, ұрла, шап, қират, өлтір деп тұратын сияқты.

– Ал түрмеден шыққаннан кейін өміріңді өзгертіп көрмедің бе?

– Барын салып тырыстым. Бір рет түрмеден шыққанда жарты жыл бойы тыныш жүрдім. Кәсіптік-техникалық училищеге өндірістік оқу шебері болып жұмысқа да тұрғанмын. Негізі мен ағашқа көркем ою салуды жетік білемін. Ағаш өңдеу өндірісін де жақсы меңгергенмін, кез келген станокты орнатып, іске қоса аламын. Училищенің директоры да менің жұмысымды көріп таңғалған. Түрмеде жүргенде асүй жиһазын да, гарнитурды да, бәрін істедім.

– Ал жолдастарың, сүйіктің бар ма?

– Менің достарым көп, бірақ сүйіктім жоқ. Жай, кездейсоқ әйелдер болған. Бірақ нағыз махаббатымды кездестірген жоқпын. Оған уақыт қайдан табылсын? 26 жылдың 11,5 жылын түрмеде өткіздім ғой.

– Адамның бойында қандай қасиетті бағалайсың?

– Адам тәубеге келіп, жасағанына өкіне білуі керек. Егер ол өз қателігін мойындаса, онда басқа адамды да түсіне алады. Оған күші жетпесе, адасады.

– Сен өзің адасқан жоқсың ба? Өйткені адамды түсінуге тырысып көрмеген сияқтысың…

– Жоқ, мен құдайға бет бұрғаннан кейін түзу жолға түскен сияқтымын. Онымен сөйлесемін, жасаған қылмыстарым үшін қатты өкінемін. Алдымен анамды, одан кейін қарындасымды ойлаймын. Олар мен үшін қиналып жүр ғой. Ақмоланың түрмесінде болғанда анам келіп кеткен, кәдімгідей жеңілдеп алдым. Ананың орны бөлек қой…

– Қазір сенің бос уақытың бар. Немен айналысасың? Кітап оқисың ба?

– Иә, кітапты көп оқи бастадым. Бірақ детективті емес, бұл жерде әрбір камера бөлек-бөлек детектив қой. Мен, көбінесе, тарихи әдебиеттерді оқимын. Соның ішінде «Жестокий век», «Шыңғыс хан», «Абай», «Көшпенділер», «Таис Афинская» және тағы басқа шытырман оқиғалар бар. Александр Дюманың бірнеше томын ақтарып шықтым. Бас кезінде нанның жұмсақ жерінен сан алуан шағын мүсіндерді жасап жүрдім. Қазір оны да істегім келмейді…

– Семен, сен өткен-кеткен өміріңді талай рет қайта сараптап шыққан боларсың. Есіңде ерекше сақталған оқиғаны айтып берсең?

– Үш жасымда болған бір оқиға есімде бар. Мен ойнап жүріп, құдыққа түсіп кеттім. Көрші-қолаң, туған-туыс, бәрі айқайлап, мені құтқаруға кірісті. Сол кезде бір ер адамды арқанмен белінен байлап, құдыққа түсірген. Ол мені алып шықты. Сонда мен жылаған да жоқпын. Жынды адам ұқсап күліп жүрдім. Артынан жылап алдым.

Негізі, мені талай рет өлім аузынан алып қалған. Бала кезімде темір қаңылтырға жалаңаяқ тұрғанмын, сөйтсем, оның үстінде тоққа қосылған сым жатыр екен. Мені тоқ соғып, біршама уақыт сілкілеп тұрды, жаңағы қаңылтырға кәдімгідей жабысып қалдым ғой. Адамдар да жиналып қалды. Бәрі тоқтан қорқып тұрған. Бір кезде жас жігіт ағаш таяқпен сымды ары қарай алып тастады. Сонда да аман қалдым ғой. Ондай оқиғалар көп болды. Құдай жанымды алмады. Соған қарағанда, өлім бұрыннан бері мені айналшықтап жүр.

– Қылмыс жасағанда өлім жазасына кесілемін деп ойлаған жоқсың ба?

– Шынымды айтсам, адам өлтіргенде өлім жазасына кесілетінімді білгенмін. Бірақ ол кезде өмірдің не екенін дұрыс түсінбей жүрдім. Бүгін-ертең өлетініңді біліп тұрғанда өмірдің мәнін түсінеді екенсің. Дегенмен, өлім бұл ең қорқынышты нәрсе емес деп ойлаймын. Ең қорқыныштысы – жалғыздық. Мен бір жылдай жалғыз адамның камерасында отырып шықтым. Жаман қиналдым. Біреуді жаныма отырғызса екен деп тіледім. Қаскөй болса да, қандықол қылмыскер болса да, әйтеуір, менімен сөйлесетін адам болса екен деп армандадым, адамның дауысын естігім келді… Сөйлесіп, пікір таластыруды тіледім…

– Түнде жаман түс көрмейсің бе? Сенің қолыңнан қайтыс болған адамдар түсіңе кірмей ме?

– Иә, көріп тұрамын. Өткенде қылқындырып өлтірген таксисті көрдім. Бірақ жай жанымнан өтіп бара жатыр екен. Ештеңе айтқан жоқ, өкпе-назы да болмаған сияқты. Бәлкім, құдайдан кешірім сұрап жүргеннен кейін сөйткен шығар…

– Семен, сен құдайдың алдында кінәңді мойындап, өкінетініңді айтты. Ал адамның алдында кінәлі екеніңді сезінесің бе?

– Мен үшін бұл – өте қиын сұрақ… Адамдар әр түрлі ғой…

– Жарайды, барлық адамның алдында болмаса да, жазықсыз таксистің туған-туыстары алдында кінәлі екеніңді сезінетін шығарсың?

– Олардың алдында кінәлі екенімді мойындаймын. Сол үшін құдайдан күнде кешірім сұраймын. Оған және оның отбасына жасаған қиянатым үшін қатты өкінемін. Кінәмді мойындаймын. Бірақ құдайдың алдында, адамдардың алдында емес. Адамдар әртүрлі, олар мені түсінбейді.

– «Үмітсіз шайтан» деген бір сөз бар. Бәрібір сенің бір үмітің бар шығар?

– Мен жазамды берген адамдардың түсінігіне ғана үміт артамын. Мен жасаған қылмысымды толығымен мойындадым, өкінішімді де жеткіздім… Әйелдер мен балаларды ешқашан өлтірген емеспін. Маған берген өлім жазасын өмір бақи бас бостандығынан айырумен алмастырса, сол адамдарға риза боламын. Енді, болмай қалса, ренжімеймін, бәрібір риза боламын. Жердегі өмір үзілмейді. Өлімнен кейін мен де бір жерге баратын шығармын…

P.S. Үш айдан кейін Семен Бочаренкоға кесілген үкім іске асырылды.



sputniknews.kz