павлодарлық Мәдина Батық жеңіске жетті
Қысқа сілтеме алу
Биыл «Қазақстан аруы» тәжі үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 32 қыз бақ сынады
НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр — Sputnik. Нұр-Сұлтанда еліміздің ең сұлу қызы таңдалды. «Қазақстан аруы 2019» титулын павлодарлық Мәдина Батық жеңіп алды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сұлулық байқауының финалы бүгін, 2 мамырда Nomad City Hall концерт залында өтті.
Конкурс барысында жеңімпазға қымбат бағалы тастармен, інжумен безендірілген тәж кигізіліп, үш миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Сондай-ақ бойжеткен жоғары сапалы брендтермен көптеген жарнамалық келісімшарт, Парижге жолдама және еліміздің атынан «Әлем ару» байқауына қатысуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, конкурс ашық болуы үшін әділ-қазылар бес финалисті іріктеп алды, ал елдің бірінші аруын онлайн және sms-дауыс беру арқылы қазақстандықтардың өздері таңдады.
Сонымен бестікке Диана Әбішева (Алматы), Сәния Мірғалиева (Нұр-Сұлтан), Мәдина Батық (Павлодар), Надежда Недосекова (Семей), Балжанат Анас (Шымкент) енді.
Халықтық дауыс беру қорытындысы бойынша Диана Әбішева бірінші вице-мисс атанды. Екінші вице-мисс титулын Надежда Недосекова иеленсе, үшінші вице-мисс титулы Сәния Мірғалиеваға бұйырды.
sputniknews.kz