Павлодардағы ерлі-зайыптылардың жұмбақ өлімі: Әйелі биіктен құлап өлсе, күйеуін біреулер пышақтап кеткен — Қазақстан жаңалықтары

0

Павлодарда ерлі-зайыптылардың қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Алдымен 24 жастағы психолог Лилия Мельник биіктен құлап мерт болған.

Тергеу барысында оның  күйеуі басты күдікті саналған. Себебі, Лилия Мельник көз жұмардың алдында онымен ажырасуды жоспарлапты.

Кейіннен оның 30 жастағы күйеуін белгісіз біреулер үйінің кіреберісінде пышақтап кеткен. Енді, марқұмның жақындары бұл өлімге кімді кінәларын білмей отыр.

«Қызым: «Жақын күндері ажырасуға өтініш беремін» деп жүрген. Бірақ, үлгермеді. Олар күйеуі екеуіне ортақ мүлікті сатып, ақшасын теңдей бөлмек еді. Оның ішінде 2 қымбат автокөлік бар, біреуінің құны 5 млн теңге», — деді Лилияның анысы Галина Мельник.

Лилияның мамандығы — мектеп психологы. Полицейлердің болжамынша, ол жоғары қабаттан құлап мерт болған. Марқұмның анасы бұған мүлдем сенбейді.

Ал Лилияның қазасынан көп уақыт өтпей, оның күйеуін де пышақтап кеткен. 63 жастағы Галина Мельниктің ерлі-зайыптылардың қазасына қатысты сұрағы көп. Бірақ полицейлер әзірге тергеу құпиясы деп, ашып ештеңе айтпай отыр екен.

«24 жастағы қыздың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде. Ал оның күйеуінің қазасына байланысты аталған кодекстің 99 бабы бойынша тергеу амалдары басталды», — дейді  Павлодар облысы ПД баспасөз хатшысы Жанна Біләлова.

Әзірге тергеушілер ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты күдіктілерді құпия ұстап отыр.

«Мезгілсіз қос өлім кездейсоқтық емес, бастысы соған қатысты жұмбақтың жауабы табылса», — дейді зейнеткер.
 

stan.kz