Павлодардағы балабақшада болашақ журналистер тәлім алуда
2018 жылғы 5 желтоқсан 22:26 8
АСТАНА. ҚазАқпарат — Павлодардағы №126 сәбилер бақшасы — балалардың эстетикалық даму орталығында сараптама кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі сектор әдіскері Нұргүл Нұрғалиеваның айтуынша, ай сайын мәртебесі бар балабақшалардың инновациялық қызметі бойынша сараптама кеңесі ұйымдастырылады.
— Қалада мәртебеге қол жеткізген мұндай жеті балабақша бар, — дейді Нұргүл Нұрғалиева. — Бүгін № 126 сәбилер бақшасының тәрбиешілері бес жылдың ішіндегі жеткен жетістіктері бойынша өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұл мекемеде режиссура, әдеп, эстетика, бейнелеу өнері, хореография бойынша оқытушылар бар. Қорытынды бөлімде «Жайдары Күнкей» мюзиклдың алғашқы көрсетілімі ұсынылды. Спектакль қазақ ұлттық ертегілер желісінде қойылған. Осы мюзикл арқылы көптілде білім беру, дикция, театралдық шеберлік, хореография жағынан балалардың шеберліктері мен қабілетін көруге болады.
Балабақша меңгерушісі Марина Зыкина мекеме балалардың эстетикалық даму орталығы мәртебесін 1996 жылы алғанын айтады.
— «ТВ балалары» телеарнасының жас журналистерi сұрақ қойып, жауап беруді үйренеді және шағын жаңалықтарды айтады, — дейді Марина Зыкина. — Бүгін олар «Бізді біл» теле бағдарламасын ұсынады. Сонымен қатар, екі айда бір рет балабақшада болып жатқан оқиғалар туралы газет шығып тұрады. Барлық мамандар шығармашылықты дамыту бойынша жұмыс істейді. Ертегі немесе көрме ұйымдастырылады. Дизайн студиясында жақтаулар мен құмыраларды безендіріп, оның барлығы балабақша және үй интерьерінде қолданылады. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүлдіршіндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруде.
Айта кетерлігі, мектепке дейінгі білім беру мекемесі биыл республикалық «Би бала» байқауында «Огоньки севера» биімен бірінші орынды иеленген. Былтыр жыл сайын өтетін Dionis республикалық байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша жеңіске жеткен. Қазіргі таңда мұнда 342 балғын тәлім-тәрбие алуда.