Павлодарда жанып кеткен екі адамның денесі табылды, үшіншісі ауруханаға жеткізілді

0

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына сөнбей қалған темекі тұқылы себеп болған.

Транспортная көшесі, 4 мекенжайында жұмыс істемейтін екі қабатты кірпіш ғимараттан екі адамның денесі табылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

— Металл базасының бірінші қабатындағы 20 шаршы метр аумақ толығымен жанып кеткен, — дейді облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінде.

— Оқиға орнынан өрт сөндірушілер 1974 және 1962 жылғы екі ер адамның денесін анықтады. Сондай-ақ, жедел жәрдем көлігімен № 1 қалалық ауруханаға басы мен мойнын, білегін, бетін 8-10 пайыз өткір термикалық күйік шалған 1954 жылғы ер адам жеткізілді.

Күйік бөліміне жатқызылған азамат алкогольді мас күйінде шылым шеккен. Сағат шамамен 20.20-да басталған тілсіз жау 21.30-да сөндірілген. Өрт болған жерден сыйымдылығы 10 литрлік жанармай құйылған екі металл канистр мен екі жанармай генераторы шығарылған.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына сөнбей қалған темекі тұқылы себеп болған. Қызыл жалынды ауыздықтауға жеке құрамнан 24 адам мен бес техника шыққан. Бұдан басқа, Ткачев көшесі, 12/2 мекенжайы бойынша сағат 13.35-те өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

Бір бөлмелі пәтердің екі шаршы метр аумағында үй жиһаздары жанған. Қызыл жалынның шығуына тұрмыстық техникаларды пайдалану барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған.

Жеке құрамнан 14 адам мен бес техника жұмылдырылып, сағат 13.59-да толығымен сөндірілген.

Толстой көшесі, 12 мекенжайында бір подъезді үйде екі шаршы метр жерде жиһаздар мен қоқыс жанған. Газ-түтіннен қорғау бөлімінен шыққан 15 адам мен екі техника бес адамды құтқарған.

Өрттің шығу себебі — электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Сағат 22.37-де тіркелген өрт 23.35-те толық сөндірілген. Соңғы екі жағдайда да зардап шеккендер жоқ.

Ақбота Сейсенбаева

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/