Павлодарда үш жылға арналған бюджет бекітілді

0
25 Желтоқсан 2018, 19:58 233 0

Фото: Atameken Business Channel

Астана, BAQ.KZ. 2019 жылға арналған бюджеттің жалпы көлемі 78,3 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қанат Қапуовтың жеткізген ақпаратына сәйкес, қаланың кіріс көлемі — 53,6 миллиард теңге. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 5,6 миллиард теңгеге артық.

«Бюджеттің шығыс жағы жоспарланғанда әлеуметтік салаға бағытталуы сақталған. Жалақы төлемінің жылдық қажеттілігі ескерілді. Әлеуметтік маңызы бар іс-шаралардың барлығын толық көлемде қаржыландыру жоспарлануда», — дейді Қанат Қапуов.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысының сөзіне сүйенсек, әлеуметтік саладағы іс-шараларды қаржыландыруға 20 миллиард теңге бөлу көзделуде. Оның ішінде 16,3 миллиард теңге — білім беру, екі миллиард теңге – әлеуметтік қорғау, 1,1 миллиард теңге – спорт және 507 миллион теңге мәдениет бөліміне тапсыру жоспарлануда.

Бюджеттен ең көп қаражат құрылыс саласына бөлінбек. Бұл мақсатқа 17,4 миллиард теңге, ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа шамамен он миллиард теңге бөлу көзделген.

Мәселен, келер жылы қаламыздың Екінші Павлодар мөлтек ауданына кәріз желілерін салу жұмыстары басталады. Жоспарға сәйкес, Сибирская, Хабаровская, Сүлейменов, Дальневосточная және Деров көшелерінде құбырлар салынады.

Бұған қоса, қала әкімі Әнуар Күмпекеев 2019 жылы он электробус пен 20 дизельдік автобус сатып алу жоспарланып отырғанына тоқталды. Ол үшін 412 миллион теңге бөлінеді.

«Автобустар отандық өндірушіден сатып алынады. Көліктер Қостанай зауытында шығарылған. Павлодарға Астана күніне дейін жеткізуге тырысамыз», — дейді Әнуар Күмпекеев.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ