Павлодарда тағы бір жеңіл өнеркәсіп субъектісі жұмыскерлерінің жалағысын көтерді

0
16 Қараша 2018,

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде мұздатылған жартылай фабрикаттар шығаратын кәсіпорын 70-ке жуық қызметшісінің жалақысын көтерді. Нәтижесінде жұмыскерлердің орташа жалақысы 100 мың теңгеге жуықтады.

15 жыл бұрын ашылған кәсіпорын бүгінде 80-нен астам өнім түрін шығарады. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген нысан құрал-жабдықтарын түгел жаңартқан. Ол үшін 132 млн. теңгенің несиесін алған. Нәтижесінде өнімділік көлемі артып, сыртқы нарыққа жол ашылды. Қазіргі уақытта сапалы өнім Ресейдің Омбы, Томск, Новосібір облыстарына тасымалдануда. Қазақстанның Семей, Қарағанды, Екібастұз өңірлері тарапынан да сұраныс бар.

Дайын өнімдер шығаратын кәсіпорын жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен байқауда «Қазақстанның үздік тауары» атанған.

«Кәсіпорын жұмыскерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеріп отырады. Өнімділік көлемі артқан соң қызметкерлердің орташа жалақысын ұлғайтуға мүмкіндік алдық. Биылғы жылы мамандардың айлықтары сәйкес кезекмен салыстырғанда 34%-ға көтеріліп, 99 150 мың теңгені құрады», — дейді кәсіпорын директоры Михаил Желнов.

Шағын кәсіпорын тәуілігіне 20 тоннаға дейін өнім шығарады. Тұшпара, қайнақша, мәнтілер, бауырсаққа арналған қамыр сияқты өнімдер дайындалады. Қазіргі кезде ішкі нарықты қамтып, бәсекелестеріне дес бермейді. Алдағы уақытта сыртқы сауда-экономикалық миссиясы аясында экспортталатын тауар көлемі арта түспек. Сонымен қатар, кәсіпорын басшылығы Мәскеу мен Екатеринбург нарығын жауламақ. Діттеген мақсатқа жету үшін еңбек өнімділігін арттыру керек, яғни, жұмыскерлердің санын көбейту керек.

Мамандардың айтуынша, кәсіпорында тағы 50 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Фабрикадағы кадр тапшылығын жою мақсатында Павлодар технологиялық колледжімен келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта студенттер тобы дуалды білім беру бағдарламасы бойынша өндірістік тәжірибеден өтуде.

Еске салсақ, биылғы жылы Павлодар облысында минималды айлық алатын 130 мыңнан астам жұмыскердің жалақасы өседі.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ