Павлодарда Шәкен Аймановтың жеке заттары мен Әлкей Марғұланның домбырасы көрсетілді

0

Белгілі тұлғалар туралы кітап баспаға дайындалуда.

Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Баянауыл ауданының «Тамыры терең туған жер» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Баянауыл өлкесінен шыққан тарихи тұлғалардың қолданған жеке заттары, ауданның киелі орындары туралы мәліметтерді қамтыған жинақтар, ауданның картасы, қасиетті орындарға қойылған құлпытастар мен қоршаулар туралы материалдар ұсынылды. Көрме «Мұражайлар жобасы», «Баянауыл ауданының киелі орындары», «Туған өлкенің табиғаты», «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аймағының демалыс орындары мен туризм бағыттары» бөлімінен тұрады. Оның ішінде «Мырзашоқы» тау-шаңғы базасында түсірілген фотосуреттерді тамашалауға болады.

— Павлодар облысының орталығында орналасқан бірқатар нысандар Баянауылдан шыққан ұлы тұлғалардың есімімен аталады, — дейді Баянауыл ұлттық табиғи паркінің экскурсия жүргізу жөніндегі мемлекеттік инспекторы, «ҚР Үздік өлкетанушысы» медалінің иегері Алтынбек Құрманов. – Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ғылым ошағы мен кітапхананы, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрын, Шәкен Айманов атындағы кинотеатр мен Қуат Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығын атап өтуге болады.

Былтыр бірінші рет жасалған ҚР киелі орындары картасының екінші бөлімінің және балбал тастардың көшірмелері, Шәкен Аймановтың қолданған заттары мен Әлкей Марғұланның домбырасы мен киімдері әкелінді. Бұл азаматтардың барлығы ұлт үшін қызмет еткен. Баянауылды ашық аспан астындағы музей деп айтсақ артық болмас. Баянауыл ауданының мәслихат хатшысы Темірболат Мүбәрәкұлы Қазақстанның киелі 100 нысаны тізімінің ішінде Ертіс өңірінен бес киелі орын ерекше маңызға ие болғанын атап өтті.

— Оның үшеуі – Қоңыр әулие үңгірі, Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Жасыбай батырдың зираты Баянауылда орналасқан, — дейді Темірболат Мүбәрәкұлы.

– Павлодар облысында аймақтық маңызға ие картада белгіленген 26 орынның 17-сі Баянауыл ауданынан.

Бұл өлке көптеген танымал оқиғалар орталығы, археологиялық-тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраларға бай. Тарихи тұлғалардың есімін ел жадында жаңғырту үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.

Киелі орындар қоршалып, құлпытастар орнатылды. Белгілі тұлғалар туралы кітап баспаға дайындалуда.

Ақбота Сейсенбаева

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/