Павлодарда қалалық саябақ жері Машкевич басқаратын компанияға заңсыз берілген
Павлодар облысының прокуратурасы Павлодар қаласы паркі аумағының бір бөлігін 2 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы үшін заңсыз беру фактісін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Лауазымды тұлғалар қызметтерінен қуылды
Ауданы 1,2 гектар «Металлургтер» паркінің жер учаскелері жер және сәулет заңнамасын бұза отырып, жоғарыда аталған нысаналы мақсатта пайдалану үшін «Eurasian Resources Group» компанияларының бірі – «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға тікелей бөлінген, — делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Қадағалау актісі бойынша заңсыз рұқсат беру құжаттарының күші жойылып, жер учаскелері мемлекетке қайтарылған, сонымен қатар саябақ аумағы қалпына келтірілді, кінәлі лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды.
Машкевичке майшелпек керек
Еске салсақ, бұған дейін Машкевичтің ERG компаниясы Қазақстанның Даму банкінен пайызы төмен несие сұрағанын жазған болатынбыз.
Несие сомасы және жобаны қаржыландырудың басқа шарттары туралы ақпарат айтылмайды, банк тек Eurasian Resources Group (ERG) құрамына кіретін Қазақстан электролиз зауытының иелері Александр Машкевич (20,72%), Патох Шодиев (18,57%), Мұқадасхан Ибрагимова (марқұм Әлиджан Ибрагимовтың жұбайы) (20,71%) екенін айтып өткен. Зауыттағы Қазақстан үкіметінің үлесі 40 пайызды құрайды.