Павлодарда прокурорлар сотталушылардың сурет көрмесін өткізді

0

Сотталғандардың арасында  ұйымдастырылған байқауға 60 сотталушы қатысты. Көрмеге 45 сурет қойылып, үздік туындының авторлары аталды.

Көрмеге халықаралық деңгейдегі трейнер-медиатор  Татьяна Дронзина және еліміздің Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының басшысы Есенова Диана сияқты мамандар арнайы қатысты.

— Бұл көрме-экстремистерді оңалту жұмысының ұзақ бірі ғана нәтижесі. Бұл бастама экстремизм және терроризммен күрес саласында халықаралық қауымдастықтың назарына ілігетіндей  жоба,- дейді Татьяна Дронзина.

— Көрмедегі туындылардан  сурет көріп қана қоймай, ауыр қылмыспен сотталғандардың дүниеге көзқарасын, ұстанымын байқауға болады. Олар көзқарасты түбегейлі өзгертуде. Бұл жоба мамандардың радикалды ағымға түскендерді қайта дәстүрлі дінге қайтарып, дұрыс бағытқа түсу үшін жасалған  жұмысы, — деді Д. Есенова.

Облыстық Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті басшысының орынбасары Дәулет Ысқақовтың айтуынша, көрменің жазасын өтеушілердің  дүниетанымына оң әсерін тигізері сөзсіз. Жазасын өтеушілер суреттері арқылы адами құндылықтарға деген ішкі жан дүниесін көрсетеді.

Жалпы, деструктивті бағытты ұстанушылар ән айту, сурет салу сынды мәдени шаралар мен салт-дәстүр,  мейрам, қоғамдық құндылықтарға түбегейлі қарсы болып келеді.

Ал, байқау кезінде жазасын өтеушілер қолдарына қалам алып  мемлекеттік рәміздерді, мерекелерді, дәстүрді сипаттап сурет салды.

Сарапшылар аталмыш шараны экстремистік пиғылдан қайтарудағы жетістік ретінде бағалады.

Өңірдегі «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту» орталығының директоры Гүлназ Раздықованың айтуынша,  сурет көрмесінің ұйымдастырылуына облыстық прокуратура өкілдері ұйытқы болыпты.

Көрме экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталғандар үшін сыртқы өмірмен араласып, жасаған қылмыстары үшін адамдардан кешірім сұрауға мүмкіншілік береді.

Облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің Теологиялық және қайта оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобының Бас инспекторы Руслан Садутың айтуынша, облыс  орталығындағы қайта түзеу колониясына аптасына бір рет теологтар, дінтанушылар, психологтар, тарихшы мамандар келіп оңалту жұмыстарын жүргізеді. Басқа да арнайы іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Нәтижесінде,  Экстремизм бабы бойынша сотталғандардың басым көпшілігін өз райынан қайтуда. Ұстанымдарының дұрыс еместігін түсінді. Жазасын өтеушілердің дүниетанымы өзгеруде.

 Себебі, олар негізгі діни мәліметті ғаламтордан, аудиодан, буклеттерден, күмәнді ақпарат көздерін алған.

Ал, оңалту саласында діни мамандар, теологтар мен психологтар осы салада ауқымды жұмыстар атқаруда. Өмірге деген көзқарастарын оңалту, түзеу арқылы сотталғандарды толеранттылыққа баулу және экстремистік, деструктивті санадан алшақтату, дәстүрлі діннің принциптері мен құндылықтарын насихаттау.

Сурет көрмесін өткізу арқылы терроризмге қарсы тұруға арналған  бұл шара еліміздің басқа өңірлерге таралуда.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген:  Айгүл Есенәлиева