Павлодарда Португалиялық профессор студенттерге дәріс беріп жүр

0

Бұл күндері университеттің Сәулет-құрылыс факультеті бакалавриат, магистратура білім бағдарламасы бойынша білім береді. Бұған дейін «Өндірістік және азаматтық құрылыс», «Бетон және темірбетон өндірісі»  саласында мамандар даярлап келді.

Қазір студенттер құрылыс, сәулет, дизайн, бейнелеу өнері және сызу, құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру, Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, кәсіптік оқыту, көлік құрылысы, құрылыс саласында   ғылыми-теориялық және тәжірибелік жұмыстар бойынша дайындалуда.

Оқу-тәрбие үдерісі  Өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылыс, Архитектура және дизайн, Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау кафедраларында  жүргізіледі.

Мысалы, «Өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылысы» кафедрасында «Өнеркәсіп қалдықтарын жоюдың экологиялық аспектілері», «Жұқа қабырғалы құрылымдарды есептеудің сандық әдістері», «Әртүрлі деңгейдегі көп қабатты ғимараттардың қабырғаларын зерттеу жұмысы»,  «Қиын экологиялық жағдайларда шөкпелі негіздікті пайдаланатын ғимараттар іргетастарының әсер етуі», «Сумен шөгу қауіпсіздігін бағалау»  сияқты тақырыптарда студенттер ғылыми-жұмыстар жазуда.

 Факультеттегі  «Көлік құрылысы» мамандығына білім алған студенттер өңірдегі  Май разъезі мен Дегелен стансасы, Құркөл-Көктөбе аралығындағы бір жолақты жолды екі жолақты етіп салу жүмыстарына, облыс орталығы Ақсу — Көктөбе — Курчатов қаласы аралығындағы республикалық  жолдың ұзындығы 10,69 шақырым  бөлігін қайта салу, облыс  орталығын батыс жағынана айналып өту  сияқты жобаларына үлес қосты.

Оқу орнының баспасөз қызметінің мәліметінше, Барбара Марино бір айдың ішінде Өнеркәсіптік, Азаматтық және көліктік құрылыс кафедрасының студенттеріне «Өзен жағалауындағы табиғат қорғау нысандары мен менеджмент» тақырыбында дәрістер оқиды. Бұл тақырып Ертіс  өзені жағасында  орналасқан біздің  өңір үшін де маңызды. 

Ал, шетелдік  профессордың айтуынша, әлемдегі жағалаулардың 70 пайызы табиғи құбылыстардың әсерінен зардап шегуде.

-Табиғат қорғау нысандарының инженер-құрылысшысы толқынның биіктігін, желдің күшін, ағымдарды, жағадағы эррозия қарқынын, жағаның тереңдігі мен болашақ нысанның тереңдігі, сондай-ақ, құрылыс материалдарының барын да (тас, бетон немесе кұм) ескеру керек. Ескеретін жайттар өте көп, — дейді Барбара Марино.

Шетелдік маман Ертіс өзенінің жағасындағы «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішін  су шаюдан қорғау мәселесіне қатысты пікірін де білдірді. Профессор жағаны бетонмен бекіту тиімді екенін айтады. Себебі құмнан жасалған нысандар ағынға төтеп бере алмауы мүмкін.

 

Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР