Павлодарда оттықпен ойнаған сәби көпбалалы жанұяны үйсіз қалдырды (фото) — новости Казахстана
Железнодорожник кентінде көпбалалы отбасы тұрып жатқан үй жанып кетті. Анна Смирнованың айтуы бойынша, оның үш жасар баласы бөлмеде оттықты тұтандырған. Салдарынан, үйдің көп бөлігі өртеніп кеткен деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Анна Смирнованың төрт баласы бар, ең кішісінің жасы 3-те.
Өрт күні отбасының барлық мүшесі үйде болған. Басында олар түтіннің иісін сезіп, дереу сымдарды тексеріпті. Сол мезетте бөлмедегі шкаф жанып жатқан.
Үй иелері өртті сөндіруге талпынғанымен, ешқандай нәтиже болмаған соң өздері терезеден далаға секіріпті.
Артынша өрт сөндірушілер келіп, қызыл жалынды дереу ауыздықтаған.
Аннаның айтуынша, өртке үйдің қабырғалары төтеп беріпті. Ал жиһаз бен үйдің ішкі бөліктері, есіктер мен терезелер жарамсыз болып қалған.
Енді оларға бәрін ауыстыруға тура келеді.
«Оттық алып жүрген балам білдіртпей шкафка өрмелеп шығып, оны тұтандырған. Қорыққан ба, бізге ештеңе айтпапты.
Өртті байқап жүгіргенде бәрі кеш болды, себебі от лапылдап жанып жатты. Кейінірек балам сол кезде қатты қорыққаннан ештеңе деп тіс жармағанын айтты», — дейді көпбалалы ана Смирнова.
Анна әрқашанда баласынан сіріңкені тығып жүретін, бірақ оттықты қолданатын мүлде ескермегенін алға тартты.
Қазір оның балалары туыстарының қолында. Екі баласын Ресейге салып жіберіпті.
Ата-анасы үйдің қабырғаларын тазалап, сымдарды қалпына келтіріп жатыр. Туыстары мен жақындары ақшалай көмек берсе, таныстары киім-кешектер ұсынған.
Олар жаңа жылға дейін үйін қалпына келтіреміз деп үміттенеді.
Анна Смирноваға өз еркімен көмектескісі келетіндер болса 87713707615 телефонына хабарласуға болады.