Павлодарда оқушылар шоколад сататын робот құрастырды

0

Роботты құрастырған Нұрат Татенов  Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия интернатының, Ғалымжан Әбішев  Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің оқушылары.  

— Біздің шоколад сататын роботты жасауға екі айдай уақытымыз кетті. Жоба барысында үш рет бұзып, үш рет қайтадан құрастырдық. Соныңда, балалар шоколад сататын  робот жасап шығарды,- дейді робототехника клубының жетекшісі Қайрат Солтаналинов.

Шоколад жасаушы робот  құрылғыны жасауда Нұрат ерекше көзге түсті. Өйткені, ол кішкентайынан әртүрлі ойындар құрастыруды жақсы көретін.

— Нұраттың  кәмпит сататын робот жасау арманы еді.  Оған досы Ғалымжан Әбішев те көмектесті. Облыстық облыстық Білім басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы» өткізген байқауға олар шоколад сататын робот жасап алып барды,-дейді ұстазы Қайрат

— Роботты үш рет құрастырып, үш рет бұзып тастадық. Бастапқыда Лего механизімде шоколад сататын роботты  жасап көрдік. Бірақ, техникалық байқаудың талабы бойынша Lego education mindstorms Ev3 конструкторы бойыша жасау керек. Интернеттен сауда автоматтарының Вен машина механизмдерін қарадық. Тағы  бұзып тастадық. Оңай болған жоқ,-дейді Нұрат.

Сөйтіп, Нұрат пен Ғалымжан Қайрат ұстазмен бірге әуелі 50 теңгеліктерді қабылдайтын тетік жасайды.  Келесі де шоколад беретін механизімін құрады. Бірақ, ақаулықтары тағы да кедергі келтірді.

-Тетік бірден екі шоколад та беріп қояды. Бұл механизм де жарамады. Тағы да интернетке жүгіндік. Басқа механизм іздедік, құрадық, қайта бұздық. Ең соныңда 50 теңгені қабылдайтын 1 шоколад сататын роботты ойлап таптық!-деді Нұрат пен Ғалымжан қосарлана.

Бұл аппарат қалай жұмыс жасайды?- деген біздің сұрағамызға:

— Алдымен бағдарламаны қосасыз. Сонан соң, 50 теңгені саласыз. Роботтың экранында ТВИКС-МИНИС деген хабарлама шығады. Батырманы басып қалсаңыз болды-қолыңызға шоколад түседі, -дейді олар тағы да жарыса.

Жобалары жеңіске жеткен соң, олар  мектептеріне барып, достарыңа сыныптастарыңа шоколад сатып көрді.

-Бірақ, әрине, бұл  әлі бизнес емес. Оқушылардың әлем жаңалықтарына деген қызғушылық, ізденушіліктері ғой. Өзге достарын да сан қырлы техника өміріне, роботтармен жұмыс жасауға тарту. Алдағы уақытта Сникерс, Баунти  шоколадтарын сататын робот жасауға кірісті,-дейді ұстаздары Қайрат.

Оқушылар сарайының басшысы Алма Ерубаеваның айтуынша, еліміздегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы  бойынша ашылған «BALA BISNESS» технопаркі балаларға IT-технологиясын пайдаланып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беруде

Балалар технопаркінің Инновациялық алаңында тәжірибелік және  коммерциялық мақсатта пластик материалдардан бұйымдар жасайды. Әрбір ата-ана балаларын 3D моделі үлгімен компьютерде жасалған нақты нысанды құру үшін  үйірмеге әкеле алады.

IT-сыныбында IT-ресурстар, цифрлык білім алу ресурстарына көңіл бөлінген. Бұл жерде озық ойлы, зерек оқушылар  Corel, Photoshop, AutoCAD бағдарламаларын игеріп, болашақ мамандықтарына жол ашады.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР