Павлодарда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн ашылды

0

Павлодар. ВАQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Тəуелсіздік күні қарсаңында олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн пайдалануға берілді.

«Еrtis Olimpyc» деп аталған спорт нысаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерді. Халықаралық талаптарға сай жүзу бассейні жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған. Жүзу жолақтарының жанында 300 орындық трибуна бар.

«Жүзу — дамыған олимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Павлодар облысында бес мыңнан астам адам жүзуге ден қойған, ал 80 спортшы Қазақстанның ұлттық құрамасында өнер көрсетуде. Осындай спорт кешендері халықаралық деңгейде жетістіктерге сеп болады деген сенімдемін», — дейді облыс əкімі Болат Бақауов.

Жобаны жүзеге асыруға 2,7 млрд. теңге жұмсалған. Бассейн құрылысы бюджеттен тыс қаражатқа жүргізілді. Халықаралық дәрежедегі объект болғандықтан, бассейн суы мемлекетаралық стандартқа сай болуы шарт. Жүзуге арналған су екі деңгейлі тазартудан өткізіледі. Мүгедек спортшыларға да жағдай жасалады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бір лифт, бір көтергіш пен жуыну бөлмелері қарастырылған.

Айта кетейік, Павлодар облысында спорт саласында алдағы екі жылдың ішінде жеті жоба жүзеге асырылмақ. Нысандардың басым бөлігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске аспақ.

Бүгінде шаһардың басқа бөлігінде кезінде тұралап қалған «Спорт-сити» жобасы жүзеге асырылады. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек спорт түрлеріне арналған дайындық кешенінің іргесі қалануда. Келер жылы жабық жеңіл атлетика манежі, жабық футбол алаңы мен олимпиадалық дайындық резерві орталығының құрылысы абсталады.

Бүгінде облыс тұрғындарының 30%-дан астамы бұқаралық спорт түрлерімен айналысады. Яғни, 228 мың адам салауатты өмір салтына бет бұрған.

Фото: Автор














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ