Павлодарда екі көлік жанып кетті

0
Павлодарда екі көлік жанып кетті


Өткен сенбі және жексенбі күндері облыс орталығында екі темір тұлпар отқа оранды. 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 желтоқсан күні кезекшілік бөліміне сағат 16.07-де автокөліктің жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.

«Мир көшесі, 19 мекенжайы бойындағы тұрғын үйдің ауласында ашық алаңда тұрған  1994 жылғы «Ford Scorpio» маркалы автокөліктің төрт шаршы метрі өртенді», — дейді ведомствода.

Оқиға орнында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бес адамы мен бір техника қызыл жалынды сағат 16.24-те толығымен сөндірген. Бұдан басқа, 22 желтоқсан күні сағат 15.49-да Естай, көшесі 150/1 мекенжайы бойынша тұрғын үйге қарсы ашық алаңда тұрған 1989 жылғы «Volkswagen Passat» маркалы көліктің салоны мен мотор бөлігі жанған. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан төрт адам мен бір техника жұмылдырылып, сағат сағат 16.03-те сөндірілді.

Екі жағдайда да оқыс  жайттың орын алуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Зардап шеккендер тіркелмеген. Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі анықталуда. 

Дереккөз: pavlodarnews.kz