Павлодарда дала сұлуларының көрмесі өтуде

0
04 Желтоқсан 2018, 11:27 117 0

Астана, BAQ.KZ. Павлодар облыстық көркемсурет музейінде ашылған жергілікті суретші Алтын Қисамиденованың «Анама арнадым» атты көрмесінде 70-ке жуық сызба және кескіндеме туындысы қойылған.

Рavlodarnews.kz сайтының жазуынша көрмеге ұсынылған туындылар Ыстықкөл, Алматы, Астана және Павлодар қаласында жазылған пейзаждар сериясын құрайды.

Кең жазира даланың әсем көрінісін, сыр-сипатын беру арқылы еліміздің табиғатын сүйіспеншілікпен бейнелейді. Қайталанбас сұлулықты бейнелеуде қасиетті атамекен топырағының жылулығын көркемсурет өнері арқылы жеткізеді.

Алтын Қисамиденова 1962 жылы Павлодар облысы Ленин кентінде дүниеге келген. 1987 жылы Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институты көркем-сызба факультетінің «Бейнелеу өнері, сызу және еңбек пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған.

2005 жылдан Павлодар көркемсурет колледжінің кәсіби пәндер оқытушысы. Бүгінде суретші шығармашылығына зор уақытын арнап, туындыларды жарыққа шығарады. Портрет, пейзаж, натюрморт, тақырыптық жанрында жұмыс жасайды. Республикалық, облыстық, қалалық шығармашылық көрмелер, конкурстар және жыл сайын өткізілетін пленэрлердің белсенді қатысушысы.

Суретшінің «Дала сұлулары» әйелдер портреттер сериясы таңғажайып пен көркемдікке толы. Әйел бейнесін ақ қағазға түсіруден шабыт алатын қылқалам шебері қазақ қыз-келіншектері мен аналарына тән ерекшелікті, қанша уақыт өтсе де әйел отбасы тірегі мен ошақ иесі болып қала беретіндігін сурет арқылы көрсетуге тырысады. Көрме 30 желтоқсанға дейін жұмыс істейді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ