Павлодарда бір мекемені екі шенеунік басқарған

0
28 Қараша 2018, 12:33 296 0

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін үш айы бойы екі шенеунік басқарған. Мемлекеттік мекемедегі түсініксіз жағдайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство мамандары анықтады.

Коммуналдық мекемеге қатысты Павлодар қаласындағы кондоминиум нысандарын басқару органдары және қамтамасыз ету қауымдастығының төрайымы Светлана Иванова шағымданған. Үкіметтік емес ұйым өкілінің айтуынша, аталмыш мекемеде екі басшы жұмыс істейді.

Этика жөніндегі кеңес отырысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Андрей Балашовқа сөз тиді. Мекеме жұмысындағы деректер мемлекеттік қызметші этикалық кодексінің заңбұзушылығы болып шықты.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Елухан Ергебаевтың айтуынша, осы жылдың тамыз, қыркүйек және қазан айларында ТҮКШ бөлімін екі адам тізгіндеген.

«Басшы міндетін атқарушы ретінде Асхат Омаров еңбек еткен. Ал Зкрия Сұлтанғазинов мемлекеттік қызметші болмай тұрып, ведомствоға басшы болған. Екінші «басшы» 2018 жылдың 22 маусымында өз еркімен жұмыстан босатылған, ал 24 тамызда мекемеге техникалық жұмыскер ретінде қабылданған. Дегенмен, бөлімнің басшысы қызметін атқарған. З. Сұлтанғазинов бөлімде жиналыстар өткізіп, қала әкімінің қатысуымен өткен жиындарға да қатысқан. Тіпті, басшының кабинетінде де отырған», — деп хабарлады Елухан Ергебаев шағымданған азаматшаның хатына сілтеме жасап.

Айта кетейік, бұл сөздің растығын дәлелдеу мақсатында Светлана Ивановна жиында жазып алған аудиоматериалдарды ұсынған.

Нәтижесінде департамент өкілдері жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, мердігер ұйымдардың басшылары мен өзге сала мамандары аясында сауалнама жүргізген. Азаматтардың барлығы Светлана Иванованың сөзін растаған.

Тұрғын үй-коммуналдық мәселелеріне жауапты маман өзіне тағылған сын-ескертпелерді қабылдады.

«Зкрия Маздапұлы – тәжірибелі маман. Біздің әкімдікте шаһар басшысының кеңесшісі және сарапшы қызметін атқарып келді. Оны басшы ретінде ешкімге таныстырған емеспін. Әр маманның жұмысын бақылауға міндетті емеспін», — деді Андрей Балашов.

Болған жағдайға қатысты қала әкімінің орынбасары Андрей Балашовқа сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс айтылды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ