Павлодарда бес қабатты үйде жарылыс болды: бір адам қаза тапқан
Қысқа сілтеме алу
Қазір өңірдің төтенше жағдайлар қызметі оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр
АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik. Павлодар қаласында бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болды: бір адам қаза тауып, біреуі зардап шекті, деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Құтқарушылардың хабарлауынша, 6 наурызда сағат 14:40-та өрт сөндіру қызметіне Павлодар қаласы Мүткенов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар түскен. Бірінші қабаттағы пәтердің ас үйінде белгісіз зат жарылып, 8 шаршы метр аумақта үй заттары мен тұрмыстық техника өртене бастайды.
Тілсіз жау 15:01-де ауыздықталып, 15:11-де толығымен сөндірілді. Жарылыс орнында 1983 жылы туған ер адамның денесі табылған. 1986 жылы туған ер адам күйік алып, ауруханаға жатқызылды.
Таразда көпқабатты үйде жарылыс болды — видео
Өрт сөндірушілер тұрғын үйден 60 адамды қауіпсіз жерге шығарды, олардың арасында 15 бала болған.
Жарылыстың неден шыққаны анықталып жатыр. Өртті сөндіруге Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 20 адам және 5 техника қатысқан.
sputniknews.kz