Павлодарда 5 жасар баланы көшеде қараусыз қалдырған ата-ана жауапқа тартылмақ

0

Павлодарда полиция көшеде қараусыз қалған 5 жасар баланы тауып алған. Кейін баланың ата-анасы табылып, оның көшеде неліктен жалғыз қалғанын түсіндірген. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

6 сәуірде полиция қараусыз жүрген баланы көріп, оның ата-анасын іздеген. 7 сәуірде Марғұлан көшесіндегі 104-үйдің жанынан баланың ата-анасы полицияға хабарласты. Баланың аты Әли екені белгілі болды, ол 5 жаста.

Баланың әкесі Абдурауф Расулов ​​Павлодарға бес күн бұрын көшіп келгенін, Естай көшесінен пәтер жалдап тұрғанын айтты.

«8 баламыз бар, мен түнгі ауысымда жұмыс істеймін, сондықтан әйелім мен балаларым үйде қалды. Кешке Әли үлкен балалармен бірге екен деп болжап, ұйқыға кеттім. Таңертең жұмыстан келгенде, баламның жоқ екенін білдім. Полиция шақырдым. Әли тек тәжік тілінде сөйлейтіндіктен, оған орысша қойылған сұрақтарды түсінбей қалды», – деді бес жасар баланың әкесі.

Полицейлер жалдамалы пәтерге тексеріс жүргізді. Бала күтімі бойынша міндеттерін бұзғаны үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Олардың әрекеті Павлодардың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясының отырысында қаралады.

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуге байланысты міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Павлодар қалалық ІІБ ата-аналарға әсіресе күн жылынған кезде балаларын жіті қадағалауды ұсынады.

«Балалар көшеде көбірек уақыт өткізеді. Оларды көзден таса қылмай, бақылаңыздар. Қалтасына байланыс деректеріңіз жазылған қағаз қалдыруыңызды және балаңызға өз үйін табуды үйретуіңізді сұраймыз», – деді облыстық ПД.