Павлодарда 19 жастағы мұғалімді зорлаған қаскөй сотталды

0

Павлодар облысында 19 жастағы мұғалімді зорлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

Қаскөй Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен және сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденді. Оған 15 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі бап бойынша ең ауыр жазаға кесілді. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өткізеді. Сондай-ақ, моральдық зиян үшін өтемақы жәбірленушінің пайдасына өндірілді», — деді соттағылар.

Сот процесі жабық түрде өтті.

Еске сала кетейік, ауылдағы зорлық-зомбылық оқиғасы туралы Facebook-тегі «Немолчиkz» қорында айтылған болатын. 19 жастағы қыз Аққулы ауданы Майқарағай ауылында мұғалім болып жұмыс істеген. Ол түнде мектепке интернет үшін баруға мәжбүр болған.

25 ақпаннан 26-на қараған түні қызды жергілікті тұрғын иесіз қалған үйге апарып, зорлаған. Болған оқиғадан соң күдікті басқа ауылға қашып кеткен, оны бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері тапты. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2017 және 2018 жылдары ауыл тұрғыны мал ұрлады деп айыпталған, бірақ сотта ол жәбірленушілермен татуласып үлгерген. 2010 жылы тағы бір әйел полицияға сол адамға қатысты зорлау жайлы арыз түскен, бірақ ол жазбаша түрде рәсімделген.

Бұл жолы іс сотқа жетіп, ауыл тұрғынына қатысты айыптау үкімі шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушы ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша: жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірген зорлау фактісі бойынша (ҚК-нің 120-бабының 3-бөлігі 2-тармағы) және кісі өлтіру қаупімен сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша (ҚК-нің 121-бабының 2ф-бөлігі 2-тармағы) жазаға тартылды.

«Азаттық рухы»