Павлодарда 108 тұрғын пәтер кілттерін алды

0
103

Жалпы, бұл шағын жаңа  аудандағы бірнеше биік үйлердің  құрылысын «Портал-ПВ» ЖШС, «ГСУ Кұрылыс» ЖШС-тары  жүргізуде.

Қоныс той қуанышына облыс әкімі Болат Бақауов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов қатысып,  пәтер алған тұрғындар қуаныштарымен бөлісті.

Қала тұрғыны Назымгүл Жукина да  2 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алып, қуанышты. Ол 3 жыл  бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тан есепшот ашқан екен.

-Банк 5 пайыздық өсіммен 9 жылға несие берді, – дейді пәтер иесі.

Жаңа тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынған. 1 шаршы метрінің бағасы 120 000 теңге. Пәтерлердің аумағы 40 пен 84 шаршы метр аралығында.

Пәтер алушы тұрғындардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ шотында үй құнының 20 пайызына тең бастапқы жарнасы болуы қажет.

Мысалы, құны 5 миллион теңге тұратын 1 бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін салымшылардың есепшотында 1 миллион теңге көлемінде қаражат болса жеткілікті.

Былтыр «Сарыарқа» шағын жаңа ауданында 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, облыс орталығының Бас жоспарына сәйкес шағын ауданда 600 балаға арналған мектеп салынады.

Бұрынғы ескі қалашықтағы 159 үй бұзылып, бұл аумақ қазір қызу құрылыс алаңына айналды.

Тұрғын үйлер кешенінің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыс орталығында «Достық» шағын ауданының да құрылысы басталды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Дереккөз: http://egemen.kz/