Павлодар түрмесіндегі «азаптау» ісінде шағымданушы сотқа сенімсіздік білдірді

0

8 сәуірде Павлодар қылмыстық істер сотында жалпы режимдегі колонияның (АП-162/3) бұрынғы қызметкерлері үстінен түсірілген шағым бойынша істі қарау жалғасты. Сот видеоконференция арқылы өтіп жатыр. Процеске азаматтар бірі — Алматыдан, кейбірі — Нұр-Сұлтаннан, басқалары колониялардан қатысты.

Сот отырысы шағымданушылардың бірі, Павлодар колониясында отырып шыққан алматылық Евгений Рычковтың судья Жұлдыз Тілегеноваға сенімсіздік білдіруінен басталды. Рычковтың сөзінше, павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семеноваға өзінің (Евгений Рычковтың — ред.) мүддесін қорғауға рұқсат бермеген судья Тілегенова заңды, тараптар теңдігі мен сот процесінің бейтараптығы қағидаларын бұзған.

3 сәуірде судья Тілегенова айыпталушылардың бірінің шағымы бойынша Семенованы сот процесінен шеттету туралы шешім шығарған. Күдіктінің айтуынша, бұдан бұрын оған құқықтық көмек беруден бас тартқан Семенова жапа шеккендердің мүддесін қорғап жүр. Айыпталушы «бұл қылмыстық-процессуалдық кодекс нормаларына қайшы» деген.

Судьяға сенімсіздік білдірілген соң Тілегенова бірнеше сағатқа созылған үзіліс жариялады. Шағымданушылар білдірген сенімсіздікке қарамастан, судья Тілегенова істі қайта қарай бастады. Түстен кейін шағымданушы Рычков сот отырысына қатысқан жоқ.

Үзілістен соң 2016 жылы ақпанда қамауда отырған Бақытжан Әбдікәрімовтің қазасы бойынша куәгерлерді тергеу басталды. Жапа шеккен азамат ретінде Әбдікәрімовтің әпкесі, Алматыда тұратын Нұрлыгүл Демпстер қатысты. Сотта оның мүддесін адвокат Алма Толысбаева қорғады.

Дзюдодан Қазақстанның бес дүркін чемпионы болған, 2016 жылы Павлодар түрмесінде қаза тапқан Бақытжан Әбдікәрімовтің әпкесі, шағымданушы Нұрлыгүл Демпстер. Алматы, 8 сәуір 2019 жыл.

Дзюдодан Қазақстанның бес дүркін чемпионы болған, 2016 жылы Павлодар түрмесінде қаза тапқан Бақытжан Әбдікәрімовтің әпкесі, шағымданушы Нұрлыгүл Демпстер. Алматы, 8 сәуір 2019 жыл.

Дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған, Павлодар облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті қызметін атқарған Әбдікәрімов «адам өлімімен аяқталған ауыр дене жарақатын салғаны» үшін Павлодар абақтысында жазасын өтеп жүрген. Үш жыл бұрын ол әйнекпен мойын тамырын кесіп, көп қан жоғалтқан соң қаза тапқан.

Нұрлыгүл Демпстердің сөзінше, оның бауырын өлтірген. Оның шағымы бойынша сот үш жылдан бері өтіп жатыр. 2016 жылы бұл іс Балқаш абақтысынан этаппен келіп, Павлодар түрмесінде қаза тапқан азаматтың қазасына байланысты қозғалған іспен біріктірілген. Екі қазаға да сол азаматтар күдікті деп танылған. Біріктірілген іс 2019 жылы сотқа жіберілді.

Келесі сот отырысы 9 сәуірге жоспарланған. Судья Тілегенованың айтуынша, шағымданушы Рычков Алматыдан видеомен байланысқа шығып, сотқа қатысса ғана, оның сотқа сенімсіздік білдіру туралы шағымы қаралады.

Azattyq