Павлодар түрмесіндегі «азаптау ісі» бойынша апелляциялық сот өтіп жатыр
Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 5 ақпанда АП-162/3 түрмесіндегі «азаптау ісіне» байланысты түсірілген апелляциялық шағымды қарай бастады. Сот алқасына судья Мұратқали Әкетай төрағалық етіп жатыр.
Бұл қылмыстық іс тұтқындардың қазасына байланысты екі эпизодтан тұрады. Біріншісі – 2016 жылы ақпанда түрмеде көз жұмған Қазақстан дзюдо федерациясының бұрынғы президенті 45 жастағы Бақытжан Әбдікәрімовті «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» (марқұмның туыстары оны біреулер өлтірген деп санайды); екіншісі – 2016 жылы маусымның 17-сі күні колонияға этаппен жеткізілген күннің ертеңінде, болжам бойынша ұрып-соғудан қайтыс болған 27 жастағы Сайын Мұратбековтің өліміне қатысты.
5 ақпан күнгі процесте бірінші эпизод қаралды. Марқұмның бауыры Жандос Әбдікәрімов сот үкімін жойып, істі «Адам өлтіру» бабы бойынша қайта қарау үшін прокуратураға жіберуді сұрады. Бұдан соң айыпталушылар мен олардың адвокаттарына сөз берілді. Айыпталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, өздерін ақтауды сұрады.
Сот отырысының соңында Сайын Мұратбековтің әкесі Қылышбай Мұратбеков сөйледі. Ол соттан үкімді өзгертіп, сотталушыларға «Азаптау» бабы бойынша ең жоғары жаза — 12 жыл беруді сұрады. Ол сонымен бірге апелляциялық шағымның бес айдан кейін бір-ақ қаралып жатқанына наразы болды.
Жандос Әбдікәрімов пен Қылышбай Мұратбеков сотқа видеомен қосылды. Олар Алматы мен Нұр-Сұлтаннан байланысқа шықты.
Ал прокурор үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Былтыр қыркүйектің 4-і күні Павлодар соты осы қалада орналасқан АП-162/3 жалпы режимдегі түзеу мекемесіндегі азаптау ісі бойынша үкім шығарды. Сот айыпты деп таныған 14 адамды бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды. Сотталғандардың тоғызы — бұрынғы түрме қызметкері, бесеуі — түрмеде жазасын өтеп жатқандар арасында белсенді болған.
Оқи отырыңыз: «Сайын өзі құлады деп айт». Бұрынғы тұтқынның түрмедегі азаптау жайлы әңгімесі
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда «тұтқындар мен күдіктілерді азаптау» қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.