Павлодар қаласының әкімі мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс алды

0
11 Желтоқсан 2018, 13:38 553 0

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс алды. Бұл туралы аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

Отырыс барысында облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласының әкімдігі тарапынан мемлекеттік қызметшілерге пәтер алу мәселесін көтерді. Аймақ басшысы басқа өңірлерден ауысып келген мамандарды қызметтік баспанамен қамтуда пәтерді бөлек тұрған алып ғимараттан емес, көпқабатты үйдің ішінен алу керектігін тілге тиек етті.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар қаласының әкімдігі 49 млн. теңгенің пәтерін сатып алған. Екі деңгейлі баспана аты-жөні белгісіз мемлекеттік қызметшіге арналған. goszakup.gov.kz сайтындаға ресми ақпаратқа сүйенсек, үй бір жыл бұрын салынған бизнесс-класс деңгейлі үйде орналасқан. Аумағы – 230 шаршы метр. Ал құны 49 900 000 теңге.

Бұл жайт облыс тұрғындарының ашуын тудырды. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Аян Бейсекин түсіндіргендей, қазіргі уақытта облысқа ротация шеңберінде қоныс аударған 15 мемлекеттік қызметші қызметтік пәтерге өтініш білдірген.

«Кез келген шенеунік «Қазақстан Респубилкасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына сәйкес қызметтік қонысқа құқылы. Қоғамның наразылығын тудырған баспана ұзақ жылдар бойы мемлекеттің қажеттіліктеріне орай пайдаланады деген ниетпен сатып алынды. Қымбат пәтерге көшу жөнінде келісімшарт жасалған жоқ. Сондықтан, элиталы үй кімге бұйыратыны белгісіз. Пәтерлерді сатып алуға арналған қаражат 2018-2020 жылдар бюджетін қарастыру кезінде жоспарланған. Биылғы жылы жеті пәтер сатып алынды», — дейді Аян Бейсекин.

Шенеунік түсісіндіргендей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шенеунік отбасының әр мүшесіне жалдамалы пәтердің 18 шаршы метрінен келуі керек.

Жиын барысында облыс әкімі сатып алынған пәтерді басқа баспанаға ауыстырып, жетім балаларға кезек бойынша үлестіруді ұсынды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ