Павлодар облысында жол апатынан жеті адам зардап шекті
Фото: uralskweek.kz
Астана, BAQ.KZ. Жол-көлік оқиғасының біреуі Павлодар – Астана, екіншісі облыс орталығында болған. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, жүргізуші мен үш жолаушы әртүрлі жарақат алған.
«Жол-көлік оқиғасы кеше, сағат 14.19-да тіркелді. 55 жастағы азаматтың оң жақ бұғанасы мен бірнеше қабырғасы сынған. 38 жастағы адамның бас сүйек-миы зақымданып, миы шайқалған, сол жақ білегі сынған, көптеген жарақаттар бар. 34 жастағы тұрғынның екі жақ қабырғалары сынған, бас сүйек-миы зақымданып, миы шайқалған», — дейді Эльмира Темірғалиева.
Үшеуі де Екібастұз қаласының ауруханасына жатқызылған. 39 жастағы ер адам ауруханаға барудан бас тартқан.
«Жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тексеріс жүргізілуде», — дейді полиция департаментінде.
Бұдан басқа, Кіші айналым – Толстой көшелерінің қиылысында тағы бір жол апаты орын алған. «Volkswagen Transporter» және «Audi» автокөліктері соқтығысып қалған.
«Нәтижесінде «Audi» көлігінің 39 жастағы жүргізушісі мен жолаушылар ауруханаға жеткізілді. Сараптама тағайындалды. Тексеріс жүргізілуде», — дейді полиция департаментінде.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жүргізушіде жабық бас сүйек-ми сынығы, бас миының шайқалуы тіркелген. 39 жастағы жолаушының омыртқасының бел жақ бөлігі жарақаттанып, сол жақ қабырғалары сынған. Екеуі де № 1 қалалық ауруханаға жеткізілген. 13 және 14 жастағы жолаушылар жабық бас сүйек-ми сынығы, бас миының шайқалуы диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ