Павлодар облысында жайылым мәселесі дауға айналды

0
7

Тұрғындар ауылдағы жалғыз жайылымның кәсіпкерлерге беріліп, мал жаятын жер қалмағанын айтады

АЛМАТЫ, 20 мамыр – Sputnik. Павлодар облысының Қалқаман ауылында тұрғындар әкімдікке қарай сиыр табынын айдап, наразылық акциясын ұйымдастырды.

Ауыл тұрғындары осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті билік ауылдағы жалғыз жайылымды кәсіпкерлерге бергенін айтады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал малды шөп сатып алып, қорада ұстау қымбатқа түседі.

«Сиырларды әкімдікке қарай айдап әкелдік, себебі мұнда көгал бар. Біз күн сайын осында малымызды бағамыз, себебі бізде басқа өріс жоқ», – дейді ауыл тұрғындары.

Бұрын ауылда 200-ден астам сиыр болған, қазір мал басы төрт есеге қысқарды.

Сиырлар жергілікті жердегі қоқыс алаңында жайылып, сол жерде қалдықтармен уланып, сүтін жоғалатын көрінеді.

Бірнеше күн бұрын бір ауыл тұрғынына оның сиыры мектеп ауласындағы гүлді жегені үшін мал иесіне 50 мың теңге айыппұл салынған.

Кәсіпкерлер қазір жайылым орнына пияз, аскөк және қырыққабат еккен. Олар сиырлардың су ішу үшін егіс алқабы арқылы өтетініне және егісті таптайтынына наразы.

Оқи отырыңыз: Қазақстаннан мал шығаруға толығымен тыйым салынды

Ал әкімдіктегілер жағдай жанжал шығаратындай емес, тек 50 гектар жер жалға берілгенін, қалған жердің бәрі бос жатқанын алға тартады.

«Жайылым бойынша мәселе жоқ, жалғыз мәселе – суару. Суару кезінде барлық мал осы атыз арқылы жүреді. Енді біз алдағы бір апта ішінде кәсіпкерлерге өз аумағын қоршауды ұсынамыз», – деді Қалқаман ауылының әкімі Нұрбұлан Мұсабеков.

Жергілікті тұрғындар ескі жайылымды қайтаруды талап етті. Олай болмаған жағдайда сиырларды күн сайын әкімшілікке қарай айдайтындарын айтып отыр.



sputniknews.kz