Павлодар облысында зейнеткер көлікті айдап әкетті
Егде жастағы ер адам мұндай қадамға қызы үшін барған. Ол жұмыс беруші үйдің ақысын төлемей қойды деп отыр
НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Шарбақты ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын зейнеткер астаналық компанияға тиесілі «Газель» көлігін айдап әкетті, деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, оқиға 15 қазан күні болған. Шарбақты ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын егде жастағы ер адам «Газель» көлігін заңсыз айдап кеткен.
Зейнеткердің айтуынша, оның қызы астаналық компанияда жұмыс істеген. Жұмыс беруші қызы жалдап тұрған үйдің ақысын төлемей қойыпты. Сондықтан зейнеткер көлікті айдап кеткен. Ол компания үйдің ақысын өтегенде, «Газельді» қайтарып беретінін айтты.
Тағы оқыңыз: Зейнеткер тұрғын үйде ілініп тұрған альпинистердің арқанын кесіп жіберді
Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген компания өкілдері жұмысшыға қарыз екенін мойындаған жоқ. Тіпті, олар үйді жалға алу ақысын уақытында төлегенін, оны тиісті құжатпен дәлелдей алатынын жеткізді.
Оқиғаның мән жайын полиция анықтап жатыр.
Бүгінде бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 200 бабына сәйкес (көлікті айдап әкету) сотқа дейінгі тергеу басталды.
sputniknews.kz