Павлодар облысында 1500 мыңдай адам қаңғыбас иттер мен мысықтардан зардап шеккен
Биыл 1299 адам иттерден, 335 адам мысықтардан зардап шеккен. Ветеринария қызметі тарапынан жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында құтырма ауруына қарсы 7000 ит пен 500 мысық егілген.
Бірақ, өңірдегі ветеринария стансасы мамандарының айтуынша, ит пен мысықты аулау және жою мақсатындағы кейбір қабылданатын шаралар елімізде қабылданған заңдылықтарға сай келмейтін түстары да бар көрінеді.
Бұл үшін ауыл-қалалардағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою туралы ережелер бекіту қажет.
Содықтан, жергілікті ветеринария басқармасы ережелер жайлы бұл жобаны халықаралық ұйымдардың талаптары мен ветеринария бөлімдерінің, жануарларды қорғаушылардың ұсыныстарын есепке ала отырып әзірледі.
Біріншіден, ит пен мысықты аулауға, жоюға шыққан көлікті ресми белгімен жабдықтап, ұйымның нөмірін көрсету қажет.
Бұлай болмаса, тұрғындардың арасында түсініспеушілік туындап, әлеуметтік желілерде теріс пікірлер жаза бастайды. Егер де жоғарыда айтылған жоба жүзеге асса, жоғалған үй жануарын екі ай уақыт ішінде иелері келіп алып кете алады.
Биыл облыс аумағындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюға облыстық бюджеттен 1 миллион теңге бөлінген.
Алдағы жылдары қаржы көлемін арттыру жоспарланып отыр. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қараусыз, күтімсіз қалған ит пен мысықтың саны аз емес көрінеді.
Дамыған елдерде адам денсаулығы үшін, қоғам қауіпсіздігі үшін далада қалған ит пен сияқты үй жануарларының иелерін іздеу, екпе салу, арнайы орталыққа орналастыру жұмыстары жүргізіледі.
Ал, біздің елімізде ит пен мысықты уақытша ұстау, аулау және жою жұмыстарын өңірлердегі ветеринария бөліміне қарасты мекемелер атқарады. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою түрлі жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында қолға алынуда.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР