Павлодар облысын газдандыру: Қазақстан Газпроммен келіссөз жүргізуде

0

Қазақстан үкіметі басшысының айтуынша, аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз етудің екі нұсқасы қарастырылып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Қазақстан Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосылу бойынша «Газпром» компаниясымен келіссөз жүргізуде. Әңгіме Павлодар облысын газдандыру жайлы болып отыр, деді премьер-министр Асқар Мамин.

«Павлодар облысын газдандыруға қатысты біз екі нұсқаны қарастырып жатырмыз: «Сарыарқа» жобасын одан әрі дамыту және екінші және үшінші кезең есебінен Павлодар облысын газдандыру. Басқа нұсқа да болуы мүмкін, қазір ресейлік  «Газпром» компаниясымен ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу жайы талқылануда», — деді Мамин сенат отырысында.

Маминің мәлімдемесіне сенат спикері Дариға Назарбаева пікір білдірді.

«Әрқашан қор болғаны дұрыс. Бұл жергілікті де, ресейлік газға да қатысты. Газға тәуелділікке ұрынбау үшін екі жақты ойлануымыз керек», — деді ол.

Тағы оқыңыз: Шығыс Қазақстанға ресейлік газ тартылуы мүмкін 

Сенатор Сергей Плотников Маминге қарата айтқан сөзінде, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 2018 жылдың желтоқсан айында басталғанын атап өтті.

«Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарын газдандыру мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Шығыс Қазақстан әкімдігі Зайсан ауданының тұрғындарын жергілікті Сарыбұлақ кен орны есебінен газдандыру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ оның қоры аз және елдің шығысындағы өнеркәсіптік аймақтың сұранысын қанағаттандыра алмайды», — деді сенат депутаты.



sputniknews.kz