Павлодар облысы Қалмаққырылған тауында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде
Аудан әкімдігімен өңірдегі С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университет ұжымы бірлесе ұйымдастырған бұл жиын ауданның 90 жылдығына арналды. Аудандық мәдениет үйінде ауданның тарихына арналған көрме ашылды.
Жиында Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев аудан тарихының өткені, бүгіні жайлы баяндама оқып берді. Баяндамадан соң, университет ғалымдары ауданның тарихи мұрасы, рухани және тарихи жаңғыруының мән-маңызы жайында пікірлерін білдірді.
Ал, университет ректоры Гаухар Ахметова бұл кездесудің университет пен аудан арасындағы ынтымақтастық байланыс орнатуға рухани себепкер болатынын айтып өтті.
— Жуырда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Міне, біздің Май ауданының да тарихы-қазақ халқының ұлы тарихының тағы бір қыры, — деді Гаухар Ахметова.
Университет ректорының айтуынша, бүгінде оқу орнының ғалымдары қазақ-жоңғар соғысының куәгері-аудан аумағында орналасқан Қалмаққырылған тауында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіп жатыр. Қалмақырылған тауы, Ақшиман ауылы өте шалғайда.
1756 жылы Олжабай батыр бастаған Баянауыл мен Ертіс өзені аралығындағы қазақ-жоңғар шайқасына куә болған Серектас таулары деген осы. Қалмақты қырған жеңістен соң тау Қалмаққырған деп аталғаны тарихта айтылады.
Ақшимандағы біз өзіміз көрген Қалмаққырылған тауларының ерекшелігі дөңгелене орналасқан. Қалмақтың қалың қолы осы дөңгелене орналасқан таулардың ортасында қалып қойған деседі.
XVIII ғасырдың 40-жылдары жоңғарлар (қалмақтар) Баянауыл жерін Ертіс өзені жағынан басып алмақ болады. Олжабай батыр бастаған қазақ қолы Баянауылдың таулы аймағынан басталған шайқас Ақшиман жеріндегі (Баянауылдан 95 шақырым) тауда аяқталады. Осы тауда Олжабай батырдың қолы жоңғарларды қоршап алып, құртады. Содан бері бұл жер «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен…»
Ал, «Сакралды Қазақстан» жобасы өңірлік жобалар кеңсесінің өкіліғ ғалым Қайрат Батталовтың айтуынша, облыс аумағындағы тарихи орындардың орналасуы жайлы Google картасына енгізу ұсынылыпты.
Республикалық тізімге енген тарихи жерлердің географиялық картасынан-Қалмақырылған тауы ерекше орын алады.
Бұл әр қазақ білуі тиіс шежірелі тарих. Қалмаққырылған шайқасы жайлы жазылған тарихи жазбаларды, зерттеулерді оқып-біліп танысып, бүгінгі ұрпақтарға жеткізу парыз. Қалмаққырылған тарихы – ашылмаған арал секілді.
Жиын соңында қатысушылар тарихи мұраны сақтау жұмыстарын жалғастыруды, ауданның тарихын зерттеу бойынша ғылыми жобаларды бірлесе дайындау жөнінде шешімге келді.
Ауданның 90 жылдық мерейтойына арнап Талғат Кәрімов басқаратын Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасына тұрғындар риза болды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР