Павлодар билігі қала атауын өзгерту туралы ұсынысқа жауап берді
Бұған дейін «Ақ Жол» партиясының өкілі Қазыбек Иса Павлодардың атауын Кенесары хан деп өзгертуді ұсынған болатын
ПАВЛОДАР, 26 наурыз – Sputnik. Павлодар қаласының атауын өзгерту туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ, деді Sputnik Қазақстанға Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Азамат Бәйтенов.
«Мен баспасөзден бұл материалды оқыдым, бұл партиялардың бірінің лидерінің жеке пікірі. Қазіргі таңда бұл мәселе біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ», — деді Азамат Бәйтенов.
Елорда атауын өзгертуді қолдауға арналған «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында «Ақ Жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса үш қала: Петропавл, Павлодар және Семейдің атауын өзгерту туралы мәселе көтерді. Павлодарға ол Кенесары ханның атын беруді ұсынды.
Айта кетейік, мұндай ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет жасалған болатын. Әр жылдары Павлодарды Кереку, Нұрқала, Нұркент деп атау туралы бастама көтерілді.
Естеріңізге салайық, 23 наурызда Қазақстанның елордасы Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Мұндай тапсырманы Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді.
sputniknews.kz