Павлодар әкімдігі қаланың атауын өзгертуге қатысты мәлімдеме жасады

0

Қала билігі халық санағы өткізілмейінше, Павлодардың атауын өзгерту мәселесі қаралмайтынын атап өтті  

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Павлодар атауын өзгерту туралы ұсынысқа әкімдік жауап берді. Халық санағы жүргізілгенге дейін бұл мәселе қарастырылмайды.

«2020 жылы ұлттық халық санағы жүргізіледі. Оны уақытылы және сапалы өткізу үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін ономастикалық мәселелер, соның ішінде облыс орталықтарының атауын өзгерту мәселесі қарастырылмайды», — деп түсіндірді Павлодар әкімдігі.

Қазақстанның ұлттық халық санағы 2020 жылдың 1-30 қазаны аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.

Алматы атауын өзгерту төңірегіндегі дауға қала әкімі араласты

Бұған дейін Jebe қоғамдық ұйымының өкілі Жұмабек Сманов Павлодардың атауын Ертіс деп өзгерту туралы ұсыныс жасаған болатын.

2019 жылы «Ақ Жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазбек Иса Павлодарды Кенесара хан, Петропавлды Абылай хан деп атауды ұсынды.

Әр жылдары Павлодарға Кереку, Нұрқала, Нұркент деген атаулар беру ұсынылған.

Павлодар қаласының тарихы Ертіс өзенінде Коряковский бекінісі салынған 1720 жылдан басталады. Қаланың қазіргі атауы 1861 жылдың сәуірінде берілді.  



sputniknews.kz