Павел Дуров Бурабайға демалуға келді

0

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы, кәсіпкер Павел Дуров Қазақстанға қайта оралды.

«Өткен жолғы сапарының мақсаты – жұмыс бабымен байланысты болды. Ол Бурабайдан бөлек, Астанада әртүрлі объектілерге, атап айтқанда біздің министрлікке, Астана халықаралық қаржы орталығына, Astana Hub тағы басқа ұйымдарға барды. Алматыда да болды. Бұл жолы демалу мақсатымен қайта оралды, оған Бурабай өте ұнады», — деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев тілшінің сауалына жауап бере тұрып.

Еске сала кетейік, биыл 27 маусымда кәсіпкер, бағдарламалаушы және Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Астанаға келді. Әлеуметтік желіде П.Дуровтың Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркіне барғаны туралы видео тараған еді.

Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Павел Дуровтың Астанаға сапарына қатысты пікір білдірді.

Сондай-ақ, Павел Дуров еліміздің табиғатына тамсанып, сұлулығынан амбициясы ғана асып түседі деген жазба қалдырып Қазақстанға сапарынан алған әсерін бөлісті.