ПАУЭРЛИФТИНГ – ӨТЕ ТИІМДІ СПОРТ

0

Ақтөбеде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай пауэрлифтингтен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында облыстық чемпионат өтті. Шараны партияның Ақтөбе облыстық филиалы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубымен бірігіп ұйымдастырды.
– Пауэрлифтинг – біз үшін өте тиімді спорт. Өйткені бұл спорт жас таңдамайды әрі қысы-жазы дайындалуға болады. Оның үстіне параолимпиадалық спорт тізіміне енді. Мен биыл осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы атандым, – деді Қандыағаш қаласынан келген ІІІ топ мүгедегі Жанат Тәжікенова.
Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы дирек­торы Гүлмирам Сражованың айтуынша, бұл пар­тиялықтармен бірігіп өткізген алғашқы шара емес. Өткен жылы да осындай чемпионатқа көптеген қатысушылар мен жанкүйерлер жи­налды. Ал осы жарысқа елуден астам адам келді.
– Біздің қоғамдық бірлестікте еріктілердің және мүмкіндігі шектеулі жандардың баста­масымен Zhas Project бағдарламасы арқылы «Чемпион Джим» кедергісіз спорт залы ашылған болатын. Сол залда біздің спортшыларымыз жас жеткіншектердің көмегімен дайындық жұ­мыстарын жүргізеді, – деді Гүлмирам Сражова.
Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов қатысушыларға сәттілік тіледі. Бір күнге созылған жарыс мүмкіндігі шек­теулі жандардың арасынан нағыз шымырларын анықтап берді. Сонымен әртүрлі салмақта қыздар арасынан І орынды Гүлім Құрманбаева, Жанат Тәжікенова, Ақтоты Нетуллина, Айгүл Бердешова, Жания Аяубаева жеңіп алса, ерлер арасынан Жігер Кенжеғалиев, Азамат Марат, Гайдар Құрманияз, Аслан Құдабаев, Мирам Смағұлов, Михаил Холостенко, Абай Сағынов, Накип Мамбетов жеңімпаз атанды.

Жансая ҚАМБАР