Пәтер тауып берсеңіздер, жанымды қиям: Алматы облысында көпбалалы аналар пәтер іздеп қаңғып жүр — Қазақстан жаңалықтары
Алматы облысында көпбалалы аналар жалдап тұратын пәтер таба алмай сандалып жүр. Шеттей бала-шағамен далада қаламыз ба деп қауіптенгендер әкімдіктен көмек сұраған екен. Алайда, Текелі қаласының әкімі де бұл проблеманы шеше алмаймыз, деп қайтарған көрінеді.
Төлейтін қаражаты бола тұра жалға пәтер таппағандар кімдер? Олардың ендігі қадамы қандай болмақ? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Бір квартира беріңіздерші, мен жанымды қияйын сол үшін. Көрінгеннің есігінде қаңғып жүргенше балаларым бір жерде отырсыншы», — деді көпбалалы ана.
Әкімнің қабылдауына келген аналар Текеліден жалдап тұратын баспана таппай жүргендерін айтады. Ал, шұбырған баланы көргенде пәтер иелері басын алып қашатын көрінеді.
«Көпбалалы аналарға бермейді. Оның үстіне менің мүгедек балам бар. Ол айғайлайды, содан кейін пәтерлерін бергісі келмейді», — дейді көпбалалы ана Айнұр Қабылаш.
2 баласынан бөлек, мүгедек анасы мен ағасын бағып отырған Қызжібек Бердиева жалдап отырған бір бөлмелі пәтерін бүгін босатуы тиіс. 3 күн бойы үй іздеп сабылғанын айтады. Жалғыз емес, әкімдік өкілдерімен қосылып іздеген.
«3 күннен бері жаңбырға қарамай үй іздеп бардым, жоқ. Акиматтың өзі де іздеді, менімен қосылып. Олар да таппады. Текелі қаласында жалдап тұратын квартира жоқ. Жалғыз мен емес, іздегендер көп», — дейді Текелі қаласының тұрғыны Қызжібек Бердиева.
Жергілікті билік өкілдері де жалға пәтер іздеп, тауы шағылғандардың мәселесін шеше алмай отырғандарын айтады. Себебі, оны жалға беретіндердің өз шешеді дейді. Қазір Текеліде 415 көпбалалы ананың 170-і пәтер кезегінде тұрған көрінеді.
-40-пәтерлі үй салып жатырмыз. Соның ішінде кезекте тұрған көпбалалы аналарға бөліп береміз. Ол кезекпен, мен кезексіз қалай берем. Облыстық бюджетке сұраныс жібердік. Көпбалалы аналарға пәтер сатып алып берейік деп. Осы сәуір айында біз сұрап аламыз. Тағы да пәтер алып береміз», — дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.
-Кімнен барып сұрайық айтыңыздаршы? Сіздердің мәселелеріңізді шешім береді десеңіздер сонда барайық. Сіздерді әуре қылмай-ақ қояйық.
Туындаған түйткілдің себебін риелторлардан да сұрадық. Олар пәтер иелері көпбалалы отбасылардан не үшін қашқақтайтынын былай түсіндірді.
«Себебі қазіргі пәтерін жалға беретін адамдар үйлерін жақсы ремонттайды. Көбі көп балалы отбасыға бере алмайды. Біріншіден, жасаған ремонтты құртады дейді. Екіншіден, шулайды деп, яғни, көршілерге жаман әсерін тигізеді, сол себепті бере алмайды. Көбіне, командировочный адамдар мен студенттерге береді», — дейді риелтор Маржан Мәуленқызы.
Текелі әкімі аталған мәселені шешу үшін қалталы кәсіпкерлерден көмек сұрап, баспана тұрғызудың да жолын қарастыратынын жеткізді. Ал, оған дейін пәтер іздеп сабылған аналарға туысқандарын жағалаудан басқа амал жоқ.
stan.kz