партизандық жолы, соғыстағы ерлігі, отбасы, шығармалары, өмірбаяны

0

Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайса мен анасы Бижамал 13 баланы дүниеге әкеліп, оның сегізін аман-есен жеткізген қарапайым еңбек адамдары. Әкесі Қайса 102 жасында өмірден озған.

Қасым Қайсенов 1934 жылы туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң он жеті жасында Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Ол өзінің өмірлік жары Асыл Қабышқызымен 1937 жылы 19 жасында шаңырақ көтереді, ол кезде жары 17 жаста болған. Қасым мен Асыл Ләззат, Мұрат, Болат, Толқын атты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Асыл Қабышқызы Қайсеновтің қарындасымен бір мектепте оқыған. Екі жасты таныстырған да батырдың қарындасы.

«Сосын ол бірнеше рет біздің ауылға велосипедпен келіп жүрді. Әпкем әрдайым бұл жігіт кім деп сұрай беретін, сонда қалай екенін білмеймін, ол «батыр» деп айттым», — дейді Халық Қаһарманының жары.

Үлкен өмірге қадам басқан күн

Қасым Қайсенов 1938 жылы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып бастайды. Бір жыл өткен соң Павлодар облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалды.

«Туған күнің 23 сәуір деп жүр ғой жұрт. Ол туған күнім емес. Бұл – өз өмірімнің ең мықты, қиын-қыстау кезеңіне жол ашқан, ес біліп, есейген кезімде үлкен өмір жолына қадам басқан күнім. 1938 жылы 23 сәуірде апаң екеуіміз (жары Асыл Қабышқызы – Sputnik) Павлодар қаласына барып түстік. Өмірімнің жақсылығы да, болашаққа жол сілтеген сәтті күні де сол жерден басталды ғой деп ойлап жүрдім де, соғыстан оралған соң, жаңа паспорт алғанда туған күнім «23 сәуір» деп жаздырғанмын», — деді Қайсенов бір сұхбатында.

Сондай-ақ, туған күнін өзі де, әкесі де білмейтінін айтты.

«Әйтпесе, туған күнімді өзім қайдан білейін. Әкем де білмейді. Әкем арабша хат танитын әжептәуір сауатты адам болатын. Сөйте тұра, балаларының туған күндеріне мән бермеген», — деді ол.

Қасым Қайсенов 1940 жылы әскерге шақырылып, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлаушы мектебіне жіберіледі. Мұнда барлаушыларды екі бағыт бойынша дайындаған: бір тобын Шығыс Түркістан өлкесін Совет құрамына қосуға және Қытай мен Жапонияға қарсы соғысқа жұмылдырмақ болса, екінші тобын батыстағы майдан үшін пайдаланбақ болды. Қасым Қайсеновтың тағдыры герман-совет соғысына байланысты өрбіді.

Партизандар қатарына қалай қосылды

Араға бір жыл салып, 1941 жылы  Киевте алғашқы ұрысқа қатысты. Әскери барлаушы мектебін аяқтағаннан кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жөнелтілді. Ол жерде арнайы тапсырма алып, басқыншылардың қолында қалған Украина аумағында партизандық қимылдарды ұйымдастыру үшін жаудың тылына жіберілді. Бір жылдың ішінде барлау ісінің қыр-сырын меңгерген сарбазды Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы орманға қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіреді.

Алайда қалың дұшпанның ортасында жанындағы серіктері қаза табады. Он шақты күн бойы орман ішінде аштықты көреді. Сол жерде жау тылында астыртын жұмыстар атқарып жүрген Иван Кузьмич Примакпен кездесіп, партизандық жолын жалғастырған.

«Мен соғыстың кезінде ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын. Періштем қақты ма, әлде суішкілігім болды ма, соның бәрінде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күні-ақ бірінші оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менің қай жаным артық еді. Ендеше, мына көріп жүрген күндерімді «олжа» демей, не деймін», — дейді Қайсенов естелігінде.

1941-43 жылдары екі адамнан жеті мың адамға дейін жеткен ірі партизан құрамына еніп, №6 отрядтың командирі болады.

1943 жылдың 21-22 қыркүйегінде Қасым Қайсенов басқаруындағы 120 адамнан тұратын партизан отряды түнде тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын басып алады. Сол жерде қоластындағы жүзге жуық сарбаз ерлік көрсетіп қаза табады.

1941-44 жылдары Қайсенов жау тылына төрт рет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы Украинаға, 1943 жылы Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылы маусымда Карпат тауына парашютпен тасталған.

Карпат тауындағы ерлігі үшін Қасым Қайсенов төртінші Украин майданының партизан штабы тарапынан III дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынылды.

«Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек «Вася» деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп, іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан», – деп айтқан болатын Қайсенов.

Ал оның Вася атанып кетуіне соғыс кезінде жалған құжатпен әскер қатарына қосылуы себеп болған. Ол жерде батырдың есімі – Булатов Василий Михайлович деп жазылған.

«Біздің жақта бір село – қазақ, бір село – орыс. Орыс селосында әкемнің Василий деген досы бар еді. Ол кезде біз кіре тасимыз. Сол кіре тасып келе жатып орыс селосына соғамыз. Бізді Вася үйіне қондырып, күтеді. Сондай дәм-тұзымыз жарасқан жақсы адам еді. Ал жау тылына жіберерде біздің қолымызға жалған документ берген. Менің ол құжа­тымдағы аты-жөнім – Булатов Василий Михайлович. Жау тылында осы документпен жүрдім. Немістердің қолына түсіп қалған жағдайда сол құжатымды көрсе­темін. Содан «Вася» атанып кеттім», — деп еске алған еді Қайсенов.

Қайсенов Украинадан қалай қайтты

1945 жылы өздері Вася атап кеткен Қасым Қайсеновті Украина билігіндегілер соғыс даласына жібермесе де, еліне жіберуге құлықсыз болады. Сөйтіп оған кеңшардағы бір ет комбинатына директор болуды ұсынады. Сол кезде қазақтың ақын ұлы Жұмағали Саин Украинада жүрген Қасымды кездейсоқ кездестіріп қалып, оны Алматыға ертіп әкеледі.

Соғыс аяқталған соң Украинада қызметте қалмақшы екенін айтқанында Жұмағали Саин «Неге қаласың? Қолыңа қару алып, жау тылында жүрсең бірсәрі, ал енді, жай қызметке қалуыңның орны жоқ. Елің, жұртың, әке-шешең, сүйген жарың бар, елден де қызмет табылады» деп, елге алып қайтқан.

Оқи отырыңыз: Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы қызықты деректер

Осы оқиға жайлы батыр естелігінде «Майдандастым, соғыстым, есейдім. Соғыс аяқта­лып, ешқайда бармайтыным белгілі болған кезде Украинада қалып қала жаздадым. Украинадағы Ковпак бастаған үлкендер мені аяды, қимады. Еліме барған соң содыр­лық жасап, пәлеге ұшырайды деп ойлады. Украинада Ровно қаласы бар. Мені сол қаладағы ет комбинатының директорлығына тағайындап қойған еді. Егер де партизандар штабынан документтерін алуға келіп, мен туралы естіп жолыққан Жұмағали Саин болмағанда, тағдырым қалай болары белгісіз еді» деп жазды.

«Ровно қаласы батыс Украинада, ол жерде жергілікті ұлтшылдар көп. Бандеровшылардың қалдығы ел арасында, орман ішінде әлі де бар болатын. Олар кезінде неміс басқыншыларына қосылып, Совет өкіметіне қарсы соғысқан. Көбінің көзін біз де құртқанбыз. Соғыс толық аяқталмай, олардың сарқыншақтары әлі де жаулығын жасап, біз сияқты партизан командирлерін өлтіріп кетіп жатқан кез. Көп адамдар өліп кетті. Ровнода қызметке қалсам, бәлкім, мен де солардың бірі болар едім», — деді Қайсенов.

Шығармашылық жолы

Елге келге соң Жұмағали Саин ағалық қамқорлығын көрсетіп, шығармашылық жолында ақылшы, қатал сыншы да бола білген. Өзінің әдебиетке атсалысып, қолына қалам ұстауы да аға буынның арқасында дейді ол.

«Жұмекеңдей ақын алып келген­нен кейін Алматымен таныс­тығым ақын-жазушылардан басталды. Алғаш таныстырған адамы – Сәбит Мұқанов. Одан кейін Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Мұқан Иман­жанов, Мұзафар Әлімбаев, Сәуірбек Бақбергенов, Хамит Ерға­лиев, Шахмет Құсайынов секіл­ді әдебиеттің аса дарынды өкілдерімен қауышуыма мүмкіндік туды. Бұл да тағдырымның сыйы, Құдайдың бір қолдағаны шығар деп ойлаймын. Мен оларға бауыр басып кеттім. Олар мені ертіп жүреді. Кейде өздері іздеп тауып алады. Әңгіме айтуымды сұрайды», — деді батыр.

Алғашқылардың бірі болып Сейітжан Омаров, Ғабдол Сланов батырдың әңгімесін қағазға түсіре бастаған. Ғабдол Сланов «Алтай баласы» деген повесть жазып шығарды.

Оқи отырыңыз: 17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы не білеміз?

«Сейітжан Омаров жазып-жазып, бір күні «Қасым, міне, көрдің ғой қаншама қолжазбамды. Мен жаза алатын емеспін. Адам өзі қатысып, басынан кешірмегеннен кейін жазу қиын екен. Мына қолжазбаларым саған ескерткіш болсын»  деп көп жазбаларын әкеліп берді», — дейді Қайсенов.

Жанында жүрген жанашыр достары «Өз естеліктеріңді өзің жаз, біз саған үстінен түзеп, көмектесеміз» деген. Батырдың қазақ әдебиетіне келуі осылай басталса керек.

«Достарымның біразы жазбақшы болды. Мұқан Иманжанов та мен туралы жазғысы келді. Мұзафардан басқасының жасы менен үлкен еді. Бір күні бас қосып отырғанда маған «Қасым, сен әңгімені жақсы айтасың. Оны біз жазғанмен, дәл шындықты жеткізу қиын. Сен өзің осылай қалай әңгімелесең, солай жазшы. Біз соны үстінен қарап берейік» деді. Сөйтіп, мен жаза бастадым», — дейді халық қаһарманы.

«Адам өлтірудің 100 түрлі әдісі болады…»

«Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың фашистерге қарсы қолданған әдіс-айласы деп ұғыну керек», — деді батыр.

Алайда басынан кешкен оқиғаның 70-80 проценті жазылмайтынын, о дүниеге өзімен бірге кететінін де айтқан екен.

«Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын… Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады.

Адам – табиғатынан жауыз. Оның үстіне небір жағдайларды көрген соң, амалсыздан өзің де жауыздыққа барасың. Сондықтан 1943 жылдың басына дейін бастан кешкен оқиғалар жазылмай қалды. Менің жазғандарым 1943 жылдың ортасынан 1944 жылдың аяғына дейінгі оқиғалар ғана», — деді Қайсенов қаламынан туған шығармалары жайлы.

Соғыстан кейінгі жылдар

Сұрапыл соғыстан кейін офицер Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің президиум аппаратында, «Жазушы» және «Қайнар» баспаларында қызмет етті. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерлігін шынайы баяндайтын көптеген шығарманың авторы. 1955 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқярлық ерлігін шынайы суреттеген «Илько Витряк» кітабы жарық көрді. 1959 жылы «Ажал аузынан», 1960 жылы «Жау тылындағы бала» атты партизан жазбалары шықты. Жетпісінші жылдары «Днепрде», «Жау тылында» мол тиражбен екі рет басылып шықты.

1964 жылы Тарас Шевченконың 150 жылдық тойына қатысу үшін Украинаға барды. Осы сапарынан соң «Партизан соқпақтары» кітабы жарық көрді.

1978 жылы 60 жасқа толған мерейтойына орай «Народные мстители» повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты.

Оқи отырыңыз: «Түнгі мыстан» атанған Хиуаз Доспанованың өмірбаяны

Батырдың құрметіне Өскемен қаласында ескерткіш орнатылып, көшеге есімі берілді, Ұлан ауданының әкімшілік орталығы Қасым Қайсенов кенті деп өзгертілді.

«Ағамыздың бөлмесінде екі адамның суреті ілулі тұратын. Бірі қазақтың Абылай ханының суреті, екіншісі 1941-45 жылдардағы жоғары әскери қолбасшы, Совет одағын басқарған Иосиф Сталиннің суреті… Оң жағына қарай жатып, осы екі суретке қарап жатыр екен. Құлағы естіңкіремей қалыпты. Жеңгеміз жақындап, інің келіп тұр деп айтты. Сол уақытта бізге бұрылып, дидарласып, ризашылығын білдірді. Бұл біздің соңғы көргеніміз», — деді Ким Серікбаев Қайсенов жайлы естелігінде.

Қасым Қайсенов өр Алтайдың Асубұлақ ауылынан түлесе де, саналы ғұмырын Алматыда өткізді. Ол Абай мен Фурманов көшесінің қиылысында тұрған. Қазір батыр тұрған үйдің іргесіне құрмет тақтасы орнатылды.

Назарбаев атақ берді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батырды ерекше құрметтеп, өзінің 1995 жылдың 9 мамырдағы арнайы жарлығымен Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғарғы наградасы «Халық қаһарманы» атағын беріп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесіне өз қолымен «Алтын жұлдызды» қадады.

Көзінің тірісінде аңызға айналған батыр, партизан, жазушы, «Халық қаһарманы», «Отан» орденінің және А. Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан Алматыдағы өз үйінде қайтыс болды.

Ол тек жауынгер ғана емес, көрнекті қаламгер ретінде елдің есінде қалды.

Батырдың жары Асыл Қабышқызы 2020 жылдың 25 қаңтарында 99 жасында өмірден озды.



sputniknews.kz