Партияның қайырымды ісі | «Айқын» газеті
Ақтөбеде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай «Партияның 20 қайырымды ісі» деген акция қолға алынды. Олар аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерін жаңа жылмен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Партияның қалалық филиалы мен СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының төрағасы Абай Сақтағанов бұл жолы көпбалалы Садуовтар отбасына барды. Бұл отбасы 5 бала тәрбиелеп отыр. 16 жасар Самұраты сал ауруымен ауырады, қызы Алтынайдың жүйкесі зақымданған. Балаларын арнайы мектепте оқыту үшін Әйтеке би ауданынан көшіп келген отбасы бүгінде пәтер жалдап тұрады. Оған қоса, жүрегі сыр берген отағасы ІІ топ мүгедегі, жұмыс істей алмайды. Сондықтан да отбасының бар қажеттілігі Салтанаттың мойнында.
– Отбасымда үш бірдей мүмкіндігі шектеулі жан бар. Мүмкіндігімше олардың жағдайын жасауға тырысудамын. Қиналып кеткен соң «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе қалалық филиалынан көмек сұрадым. Алдымен депутаттар қаржылай көмек көрсетті. Партиялықтар азық-түлікпен қамтамасыз етті. Бүгін міне, жаңа жылмен құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады, – деді көпбалалы ана.
Мәртөк ауданындағы партиялықтар отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап барып, оларға спорттық құралдар сыйлады. Ал партияның белсенді мүшесі Айбар Уакбаев балаларға оқу құралдарын алып берді. Тәрбиеші Гүлнұр Бекжанованың айтуынша, мұнда қазір 11-17 жас аралығында 9 бала тәрбиеленуде. Олардың барлығы да спортқа жақын, Давид Саранцов денешынықтыру пәні мұғалімі болғысы келеді. Ал Свачко Вячеслав футбол десе ішкен асын жерге қояды екен.
– Былтыр партиялықтар балаларды «Керуен-Сити» сауда ойын-сауық орталығына алып барып, киноға кіргізді. Артынан ат спорты мектебінде болды. Партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бізге бір жылда екі рет келді. Партияның аудандық филиалы өкілдері де жиі бас сұғып тұрады. Көрсеткен көмектері мен қамқорлығына ризашылығым шексіз, – деді Гүлнұр Бекжанова.
Дереккөз: Айқын