«Партиямды бәрібір құрамын». Ринат Зайытов өзін «өзгеріп кетіпсің» дегендерге жауап берді

0

Ринат Зайытов журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында жуырда болған тағайындауға қатысты көпті мазалаған сұраққа жауап берді. Сондай-ақ партия құруға қатысты жоспарын бөлісті.

— Оның екеуінің (митингке шығу мен тағайындау туралы — ред. түсіндірмесі) арасында қандай сыр болуы мүмкін? Мен оқиғаның қандай болғанын айтып отырмын ғой — осылай бар, осылай бар деп. Мүмкін, сол жерге мені тағайындап отырған адамдарға сол әсер еткен шығар. Оны да мен жоққа шығармаймын.

— Ашамыз деген партия жайына қала ма?

— Жоқ, ешқашан жайына қалмайды. Осы сұрақтың болатынын білгендіктен, қазір оңай жауап бере саламын. Екеуіміз осы өткен айда сұхбаттасқанда мен айттым — партия құратын мүмкіншілігім келген кезде мен дайынмын оған. Ал қазір менде мүмкіншілік жоқ дедім. Енді бір жарым айдың ішінде мүмкіншілік пайда болып кетпейді ғой?! Ал бірақ сол екі аралықта партия құрамын десең — адам бос жүрмей, еңбек етуі керек, сапылдап жүре бермей бірдеңе істеуің керек.

Базардың әйелі құсап отырып алып айқайлай бермей. Бірдеңе істеуім керек. Бәлкім. Партия құру деген не? Біздің қоғам демократиялық қоғам болуы керек. Мен оны әлі де айта беремін. Толыққанды демократиялық қоғам болуы керек. Ертең бізде саяси өзгерістер келе-келе бәленбай партия парламентке барады, мысалы. Соның ішіндегі неге біреуіне кірмеске? Егер жақсы бағдарламасы ұнап жатса. Бұл жерде адамдардың ойы — болды Ринат өзгеріп кетіпті, анді кіріп кетіпті. Жақсы, айтсын. Ешкімге қазір дауым жоқ. Сондықтан біреудің алдында былай болып, енді біреудің алдында былай болудан аулақпын.