Партиялық жобалар тиімді жүзеге асырылуда
Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру ісі бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өткен жөн. Өңірде жастардың ІТ-технологияға деген қызығушылығы да уақыт өткен сайын артып келеді. Сондай-ақ облыстың халыққа қызмет көрсететін мекемелері мен ірі өндіріс ошақтары да цифрландырудың жемісін көріп отыр. Осындай игі істердің қорытындысы ретінде «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ-форумы ұйымдастырылып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Форумға арнайы қатысқан Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалардың ел дамуында маңызы зор екенін айтты.
– Цифрландыру дегеніміз – бүгінгі заманның басты талабы. Сондықтан қазірдің өзінде елімізде мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлы форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті ірі зауыттар мен өндіріс орындарында да ауыр жұмыстар цифрлы технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты нәтижесі екені сөзсіз. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміз бойынша көптеген игі істер жүзеге асырылып, осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ-форумды да сондай тың бастамалардың игі нәтижесі деп қарастыруымызға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол соңғы айларда «Нұр Отан» партиясының Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, партиялық жаңғыру аясында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу үшін партия тарапынан нақты жобалар да қолға алынған.
Бұл бастамалар бүгінде өз жемісін беріп отыр. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 782 ІТ-сынып ашылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушылары білім алуда. Соның ішінде 277 ІТ-сынып Шығыс Қазақстан облысында ашылған. Оның 112-сі қалалық жерлерде ашылса, қалған 165-сі облыстың ауыл-аймақтарына тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша кенді Алтай өңірі елімізде көш бастап тұр.
Өңірде ашылған 2 ІТ-орталықтың да жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтарда шығысқазақстандық 544 азамат білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік алды.
Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалар енді 5-10 жылдан кейін өз жемісін беретінін, ең бастысы, жастарымыздың ХХІ ғасырдың мамандықтарын игеріп, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына септігін тигізетінін айтты.
Сонымен қатар форум барысында «Үздік ІТ-шешімдер мен стартап жобалар» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Екі кезеңнен тұрған бұл байқауға 1500 үміткер қатысты. Жобаның басты мақсаты – тиімді ІТ-шешімдер мен стартап бастамаларды іріктеп, олардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсету.
Аталған форум аясында «Цифрлы Шығыстың жетістіктері» атты көрме ұйымдастырылып, цифрландыру ісі бойынша Шығыс Қазақстан облысында қолға алынған тың идеялар көпшіліктің назарына ұсынылды.
Цифрландыру ісі бойынша облыста медицина саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін ерекше атап өткен жөн. Ол үшін Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысын айтса да жеткілікті. Аталған нысанға арнайы барған Мәулен Әшімбаев бұл жердің басты ерекшелігі саналатын роботтандырылған хирургиялық орталықтың жұмысымен танысты.
Мұндай орталық еліміз бойынша алғаш рет Өскеменде ашылып отыр. Аталған орталықта Италиядан әкелінген Senhance Transenterix роботының көмегімен күрделі эндоскопиялық оталар жасалады. Алғашқы оталар Италиядан келген маманның жетекшілігімен жасалған екен. Биылғы наурыз айында ашылған орталықта қазірге дейін 120-дан астам науқасқа ота жасалып, талай жанның дертінен айығуына себепші болған.
Роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл және операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл бастаманы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы аса маңызды қадам деп атауға толық негіз бар.
Орталықтың бұл саладағы тағы бір басты жаңалығы – мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша мән берілуі. Мұнда дәрігерлердің үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы бойынша сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы