Партия хатшысы – Қостанай облысында

0

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко Қостанай облысына іссапармен барды. Сапар аясында партия хатшысы бірқатар іс-шараларға қатысып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Ол «Автомобиль жолдары ауқымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» атты конференция жұмысына қатысып, Қостанай жылу орталығы компаниясының бастауыш партия ұйымы базасында қалалық филиалға қарасты бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және ұйым мүшелерімен кездесті.

Конференция барысында Илья Сер­геевич қатысушыларды Тұңғыш Пре­зи­дент күні мемлекеттік мерекесімен құт­тықтап, «Нұр Отан» партиясының сыбай­лас жемқорлыққа қарсы жүргізіп отырған іс-қимылдары жайлы айтты.
– Бүгінде партиялық бақылау посты­лары «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автома­гистралі құрылысының нысан­дарын­да тиімді жұмыс істеп келеді. Көліктік бақылау, жол полициясы, жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімшелерінің жұмысына, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылыс нысан­дарына партиялық бақылау жасау және т.б оң нәтижелер беріп отыр, – деді ол.
Қостанай жылу орталығы компания­сының бастауыш партия ұйымы базасында қалалық филиалға қарасты бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және ұйым мүшелерімен кездесу барысында нұротандықтар партия хатшысы Илья Теренченкоға аймақтағы партия жұмыс­тары туралы айтып берді.
– Облыстық филиал жанынан Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылауға алу жөнінде аумақтық қоғамдық кеңес құрылды. Пар­тиялықтар Елбасының «Қазақстандық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасының артуы» атты жаңа Жол­дауын, сол сияқты басқа да бағдар­ла­малық құжаттарды, оның ішінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын тү­сіндіру бойынша белсенді жұмыс атқаруда, – деді «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңа­бай Бисимбаев.
Өз кезегінде Илья Теренченко партия­ны қайта жаңғыртуға бағытталған жоба­лардың рөлін атап өтіп, бастауыш партия ұйым­дарын Елбасының бағдарламаларын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.
– Кадрлар резервін іріктеуге бағыт­тал­ған «Партиялық кадрлар резерві» жобасы меритократия қағидатына сүйенеді. Орта­лық деңгейде – партия аппаратының бас­шысы, оның орынбасарлары, ал аймақ­тық деңгейлерде – партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары тек партиялық кадрлар резервінен алынады, – деп атап өтті И.Сергеевич.
Шара соңында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу қарсаңында партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер тапсырды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ