Партия аясында ауылды дамыту мәселесі қаралды

0
102

Кеңестің күн тәртібінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында ұсынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Отырысты ашқан кеңес төрағасы Б.Тілеухан осыған дейін айтылған 37 ұсыныстың 4-уі орындалмағанын, оның себебін тиісті министрлік өкілдері заңнамалық талаптармен түсіндіргенін тілге тиек етті.

Жиында Қоғамдық даму вице-министрі Ж.Қажыкенқызы мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Қай­ратұлы «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында атқарылған нақты істерге тоқталып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы төңірегіндегі алда жос­парланатын жұмыстарға кеңес мү­ше­лерінен нақты ұсыныстар күте­тінін айтты.

Ал қоғам қай­рат­кері Алдан Смайыл ауылдың әл-ауқатын жақсарту үшін оның экономи­касын көтеру керектігіне тоқталды. Жа­қында орталық өңірлердегі елді мекендерді аралағанын айтқан А.Смайыл малмен жан баққан жұртшылықтың мәселесі көп екенін, кәсіпкерлердің семіртіп баққан малын өткізе алмай жүргенін жеткізді. Осы олқылықтарды шешетін арнайы кәсіпорындар мәселесін жолға қоюды ұсынды.

Ал тіл жанашыры Оразкүл Асан­ғазы қазақ тілінің тұғыры биік болмауы ауыл мәселесіне де әсерін тигі­зетінін, министрлік немесе жо­ғары жақтағы мамандардың ауыл­дағы кәсіпкерлерге «Сыбаға» бағ­дар­ламасының өзін қарапайым тілде түсіндіре алмайтынын айтты.

Ауылға барған «Серпін» бағдар­ламасы түлектерінің 70 пайызы неге кеткенін жеткізген М.Әбенов аумақ­тық әкімшілік тарапынан нақтылы қолдау болмағанын, бағдарламаның мақсаты толық орындалмай отыр­ғанын сөз етті.

Ал блогер Яков Федоров орман ша­руашылығында жас мамандар жоқ­тың қасы еке­нін айтса, Сенат депутаты Динар Нөкетаева ауыл­дар­дағы қыз-ке­ліншектер қолға алған халқымыздың ата­кәсібін нәсіп етуіне жағдай жасау қажеттігіне тоқталды.

Кеңесті қорытындылаған Б.Ті­леу­хан жиында айтылған ұсыныс­тар­дың хаттамаға тіркеліп, тиісті ве­до­мстволарға арнайы жолданатынын жеткізді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/