Парламенттің жұмысы ұзартылды

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Тұрмысы төмен азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға байланысты бюджетке өзгеріс енгізу қажеттігі туындады

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Парламент депутаттары төртінші сессияның жұмысын осы жылдың 5 шілдесіне дейін ұзарту туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін парламенттің бірлескен отырысында қос палата сессиясының жұмысын ұзарту мәселесін қарады. Үкімет басшысы Асқар Мамин тұрмысы төмен азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға байланысты республикалық бюджтке өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

«Президент әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Осы қабылданған шешімнің арқасында әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет халықтың ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шұғыл түрде шешуге арналған және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жедел шаралар топтамасын әзірледі», — деді Мамин бірлескен отырыста.

Атап айтқанда, жұмыссыз жүрген 300 мыңнан астам азамат «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша жұмысқа орналасу шараларымен қамтылады. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға жалдамалы баспана құрылысы көлемін екі есеге өсіру, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы үйлердің құрылысын үш есе арттыру шаралары қолға алынбақ. Бұған қоса, тұрмысы төмен балалардың отбасыларына кешенді қолдау шаралары ұйымдастырылады.

«Осы маңызды іс-шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу қажет. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін парламент сессиясының жұмыс мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын», — деді премьер-министр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәжілісмендердің сенаттағы әріптестерімен ақылдасқанын, мұндай мүмкіндік бар екенін айтты.

«Алтыншы сайланған парламенттің төртінші сессиясын 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамын», — деді спикер.

Қос палата депутаттары қаулыны бірауыздан қолдап, дауыс берді.



sputniknews.kz