Парламентаралық ынтымақтастық артады | «Айқын» газеті

0

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Чех республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигованы қабылдады. Жүздесу барысында Н.Нығматулин Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.

Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 25 жыл ішінде екі мемлекет ара­сын­да белсенді саяси диалог жолға қойылды. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық үдемелі түрде дамып жатыр. Парламент­аралық үнқатысу да тиімділікке қол жеткізді. Нәти­же­сінде, қазақстандық және чех парламент­ші­лері арасында өзара әрекеттес­тік­тің жақсы тәжірибесі түзілген.
Мәжіліс төрағасы мұның – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия Президенті Милош Земан арасындағы өзара түсіністікке негіздел­ген бірлескен жұмыс­тың жемісі екеніне назар аудартты.
Нұрлан Зайроллаұлы барлық бағыт­тағы, соның ішінде парламент­аралық деңгейдегі қазақстандық-чехиялық ынтымақтастық екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі нығаюына септесеріне сенім білдірді.
Палата спикері Қазақстан – Еуропа мен Азия ортасындағы көпір екеніне тоқтала келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылы 25 жылдық мерейтойы атап өтілетін Еуразиялық кеңістік туралы идеясының маңыздылы­ғына екпін түсірді.
– Президенттеріміздің, парламент­тері­­міз­дің, үкіметтеріміздің жұмысына негіз­дел­ген мемлекеттеріміз арасындағы өзара түсіністік бүгінде елдер қалай әріптесе, бірлесе қимылдай алатынының жақсы үлгісі саналады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Өз кезегінде Чехия елшісі екіжақты қаты­настардың кең ауқымына назар аударт­ты. Ол Чехия үшін Қазақстан «Орталық Азиядағы ең маңызды ел» екенін баса айтты. Элишка Жигованың байламынша, Чехия Қазақстанмен Еуропалық одақта қалай бірге тиімді жұмыс жасауға болатынын паш ете алады. Дипломат сондай-ақ өзара ынты­мақ­тастықты одан әрі дамыту үшін парламентаралық ықпалдастықтың маңызын атап өтті.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын