Парламент сайлауы—2021. Exit poll нәтижесі жарияланды
Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі 00:00-ден өте мәжіліс және мәслихат сайлауының экзитпол нәтижесі жарияланды.
Сауалнама жүргізуге құқылы «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының есебінше, парламентке «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстанның халық партиясы» (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы) өткен.
«Нұр Отан» — 71,97 пайыз;
«Ақ жол» — 10,18 пайыз;
Қазақстанның халық партиясы — 9,03 пайыз;
«Ауыл» — 5,75 пайыз;
ADAL — 3,07 пайыз.
Қазақстанда заң бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар өтеді. Сайлаудың нәтижесі 11 қаңтарда жариялануы тиіс.
Қазақстанда сайлау алдында сауалнама жүргізуге ресми рұқсат алған жеті ұйым бар. Олар – «Қогамдык пікір» ұйымы, «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы, «Нұр Отан» партиясы, «Еуразиялық интеграция институты», «ШҚО анализ және болжау институты», «Астана зерттеу» және «Құқық» қоғамдық қорлары.
Көп жыл бойы экзитпол жүргізумен айналысып келе жатқан «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеу орталығы мен «Сандж» орталығы биыл бұл тізімге енбей қалған. Бұл ұйымдардың басшылары экзитполға рұқсат алған ұйымдардың барлығы үкіметті жақтайтын мекемелер деп, олардың зерттеуі объективті боларына күмән келтірген.
Әлеуметтік желіде сайлауға қатысты сауалнама жүргізген адамдарға ескерту жасап, айыппұл салу да жиілеген.
Сарапшылар оппозициялық партиялардың тіркелмеуі, бақылаушыларға талаптың күшейтілуі, жиын өткізуге шек қою сияқты ережелермен бірге бұл да азаматтардың саяси бостандығын шектеудің бір көрінісі деп санайды.
10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілді орган – мәслихаттар сайлауы өтті. Сайлауға оппозициялық күштер қатыстырылмады, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы мен билікшіл төрт партия қатысты.
Бұл – Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткелі Қазақстанда өткен алғашқы мәжіліс сайлауы.