Парламент көпбалалы отбасылардың жәрдемақысына қатысты заңды қабылдады

0

Құжатта көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты өзгерістер көзделген

НҰР-СҰЛТАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Сенат көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төлеуді көздейтін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенатта кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Құжатта көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты өзгерістер көзделген.

«Бүгінде елімізде атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген 1 миллион 655 мың  адам бар, соның 1 миллионнан астамы – балалар. Соның ішінде, 60%-тен астамы – көпбалалы отбасылардың балалары. Сондықтан біз көпбалалы отбасыларға, яғни 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға табысына қарамастан бөлек жәрдемақы енгізуді көздеп отырмыз», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады:

  • Төрт баласы бар отбасыларға –  42 496 теңге;
  • бес балаға – 53 127 теңге;
  • алты балаға – 63 757 теңге;
  • жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.

Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы жүйесі қайта қаралды. Енді атаулы әлеуметтік көмек қазіргідей 6 немесе 12 айға емес, тоқсан сайын тағайындалады.

«Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай кедейлік шегі мен отбасының жан жасына шаққандағы орташа табысының айырмашылығы ретінде төленеді. Мәселен, егер де кедейлік шегі 21 мың теңге, ал отбасының орташа табысы 10 мың теңге болса, әр отбасына сол жетіспейтін 11 мың теңге төленеді», — деп түсіндірді министр.

Тағы өзгеріс – егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетін отбасылардың мал-мүлкін есептейтін учаскелік комиссиялардың да қызметі күшейтіледі.

Тағы оқыңыз: Әлеуметтік көмек беру кезінде айла-шарғыға барғандардың басы бәлеге қалды

Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларға тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келу жол шығындары өтеледі. 

Парламент қабылдаған заңда мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін көтеру мәселесі де шешімін тапқан.

«Келесі жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу қарастырылып отыр. Портал әлеуметтік қызметті алушылар мен сол қызметті көрсететіндер арасындағы бірыңғай цифрлық алаң болады. Мүгедек жандарымыз оңалту құралдары мен қызметтерді өздері таңдай алады. Қазір біз оларға сатып әперіп жүрген едік. Енді осы порталдың көмегімен қалағанын таңдауға мүмкіндік бар», — деді ведомство басшысы.

Құжатта жазылған тағы бір өзгеріс – міндетті зейнетақы жарнасына қатысты. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі 2020 жылдан 2023 жылға ауыстырылып отыр.



sputniknews.kz